Жұмысшы маман даярлау - күн тәртібінен түспейді

 

Елімізде жұмысшы мамандықтарының жаңа дәуірі басталды, яғни оған шындап бетбұрыс жасалуда.  Ж.Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін басшылыққа алу керек.

Сонда мамандықтың жай ғана таңдау емес, өмірлік мақсат екенін ұғынады. Осы тұста қай сала болмасын қазіргі таңда Мемлекет басшысы тарапынан көптеп қолдау білдіріліп жатқанын алға тартқан жөн. Соған дәлел «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар» жылы болып бекітілуі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. 

Жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Осы қатардың ең басына автокөліктерді жөндейтін механик маман, электрик, теміржолшы, дәнекерлеуші-слесарь, ағаштан түйін түйер шебер, кондитер, медбике, тігіншілер, т.б. жатады. Атаулы мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда өте маңызды рөл атқарады. 

Елімізде кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған. Кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары еңбек нарығының талаптарына сай мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы  жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздейді. Жұмыссыздықпен күресу – ел экономикасының өркендеуіне септігі мол қозғаушы күш. Бұл қашанда ең өзекті тақырып. 

Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам  жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған.

Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Атаулы жылдың нәтижелі болуын тапсырған Үкімет басшысы көлік саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуді, ауылдарға маман тартуға жағдай жасауды, мамандарды қайта даярлауға мән беру қажеттігін атап айтып, тиісті министрліктерге тапсырма берді.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT