Қазақстанда 2025 жыл ресми түрде жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанының оң нәтижесі жоқ емес. Ресми деректерді келтірсек, биылғы жылдың екінші тоқсанында еңбек нарығы рекордтар жаңартып отыр – еліміздегі жұмыссыздық тарихи жағынан ең төменгі 4,6% - ға дейін, 2024 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеген. Орташа жалақы 317 мың теңгеге дейін өсті, бірақ өңірлік өзгешеліктер сақталуда. Мысалы, Астана мен Алматыда ол 400 мыңнан асады, ауылдық жерлерде — 200 мыңға жақын. Жұмысшылар ең көп шоғырланған салалар – сауда (16,8%), білім (13,1%), өнеркәсіп (12,5%), ауыл шаруашылығы (10,6%) екені анықталған.
Еңбек нарығында ақпараттық технологиялар мамандарына сұраныс тұрақты түрде жоғары болып қала береді. Қаржыдан ауыл шаруашылығына дейін кез келген салаға автоматтандыру мен киберқауіпсіздік қажет. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік жұмыс орындарының ең көп өсуін көрсетеді, бұл білікті жұмысшылар мен инженерлік кадрларға тұрақты сұранысты тудыруда. Халықтың өсуі және мемлекеттің өмір сапасына назар аударуы білім беру және денсаулық сақтау саласында кадрларға тұрақты қажеттілікті қамтамасыз етеді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша «Цифрлық Қазақстан» және «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобаларын іске асыру жыл сайын деректер талдаушыларына, бағдарламашыларға, тұрақты құрылыс инженерлеріне сұраныстың өсуін арттырады. Бұл бастамалар жоғары технологиялық салаларға, экологиялық жағдайды жақсартуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және басқа да бағыттарға баса назар аудара отырып, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандырады.
Қазақстандағы еңбек нарығының басты міндеті – сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін жою. Кадр тапшылығы техникалық және сервистік кәсіптерде өте өткір: Еңбек министрлігінің есебі бойынша АТ және инженерия мамандарының 15-20% - ы, сондай-ақ орта медициналық персонал жетіспейді. Артық мөлшері гуманитарлық салаларда — заңгерлер мен экономистерде байқалады (ұсыныстан 10% - ға дейін көп). Қарағанды облысы сияқты өнеркәсіптік аймақтарда инженерлер, батыста мұнайшылар тапшылығы бар. Ал, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының есебіне сәйкес, елге 2025 жылы кәсіптік-техникалық білімі бар 63,8 мың маман қажет. Ең керек 10 жұмысшы мамандар тапшылығының басында жүк көлігінің жүргізушілері тұр (21 мың адам). Одан кейінгі орындарда сантехниктер, құбырлар мамандары, дәнекерлеушілер, бригадирлер және автобус жүргізушілері және басқалары орын тепкен.
Қанат Ғұмаров


