Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Исатай ауданы аумағында рейдтік жұмыстар жалғасуда.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимухановтың айтуынша, жыл басынан бері ауданда жол-көлік оқиғасына қатысты 9 іс тіркелген.
- Өткен жылдың 6 ай қорытындысымен салыстырғанда бұл көрсеткіште үш есе өсім бар. Әрине, бұл алаңдатарлық жағдай. Рейдтік жұмыстардың да мақсаты жол-көлік оқиғаларының алдын алу болып табылады. Бөлім қызметкерлерінен құралған топ бұл жұмыстарды енді жұма, сенбі және жексенбі күндері де жалғастыруда Сондай-ақ аудан тұрғындарына және такси қызметін көрсететін азаматтарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар үлестіріліп, олармен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Көбіне жол-көлік апаттарының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, жолдың қарсы жолағына шығу және мас күйде көлік жүргізу. Сондықтан да көлік жүргізушілер осы себептерді қатаң ескеруі қажет, - дейді Данияр Бимуханов.
Мамандар қайғылы жағдайды болдырмау мақсатындағы іс-шараларды күшейтпек. Өйткені бүгінде жол-көлік оқиғасы жиі орын алады және қауіпсізік ережелерін сақтамайтындар қатары көбейіп келеді. Бұл ретте, аудандық полиция бөлімі аудан тұрғындары мен қонақтарын өзінің және өзгенің өмірін сақтау мақсатында жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Әділбек СЫРЫМОВ