Жол мұраты - жету

Теміржол - ел экономикасының күретамыры. Онсыз бүгінгі тіршілікті көз алдымызға елестету мүмкін емес.Былайша айтқанда, елдің экспорты мен импорты да, жүктері де, жолаушылары да осы теміржол арқылы тасымалданады.

Теміржол саласының қызметкерлері жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, өз міндеттеріне адалдық танытуда. Осыған орай біз Аққыстау теміржол стансысының басшысы Гүлнар Көшкінбаеваға жолығып, аз-кем әңгімелескен едік. Оның айтуынша, теміржолшылар да жолаушыларға сапалы қызмет көрсету бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Шойын жолда заманауи жабдықталған техникалар қолданысқа енгізілген. Мақсат – қауіпсіздік шараларын сақтап, жүктер мен жолаушылардың діттеген жеріне жетуіне мүмкіндік жасау.

Сондай-ақ, тепловоздар мен вагондар жылдан-жылға жаңарып келеді. Бұл көліктер жаңадан құрастырылған. Жүк тасымалдауға қолайлы әрі қауіпсіз. Техникалық жағынан да жан-жақты жабдықталған. Сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге түсе алады. Шетелдік мамандар бұл тепловоздардың қуаттылық сапасын жоғары бағалаған. «Эволюшн» сериясындағы тепловоздар Ресейде шығарылатын тепловоздарға қарағанда, техникалық сипаты жағынан біршама артық әрі бағасы онымен салыстырғанда, отыз пайызға төмен. Сондықтан қолданыстағы ескі вагондар мен тепловоздар алынып, жаңасы енгізілуде. Тепловоздарда машинистерге барлық жағдай жасалған. Бұрынғы тепловоздардағыдай салдыр-гүлдір етпейді. Жолаушылар вагоны да қолайлы.

Жалпы, Аққыстау стансысы 1969 жылы құрылған. 1971 жылы толық эксплуатацияға берілген. Осы жылдардан бас-тап, теміржол стансысына Сүндет Бектұрғанов, Қарабек Досаманов, Елубай Қожаев, Кеңес Қарабалин, Мансур- Серік Кеңесов, Нұрлыбек Лұқпанов басшылық жасаса, күні бүгіндері аталмыш саланы Гүлнар Жағыпарқызы басқаруда. Сол жылдары өлкемізден «қара алтын» көзі табылғаны белгілі. Шетелге осы қазына байлық вагон цистерна арқылы тасымалдануда. Сонымен қатар, сол кездегі Чапаев атындағы, "Новобогат", "Забурын" кеңшарлары мен ауыл шаруашылығына қажетті тауарлар, жеміс-жидектер, жем-пішендер, көмірлер, барлығы да осы теміржол арқылы жеткізіліп отырған болатын.

Негізі ауданымыздың теміржол саласының тарихы сонау өткен ғасырдың 1936 мен 1944 жылдар аралығынан бас-талады.Сала ардагерлерінің айтуынша, Ембінің мұнай кәсіпшілігімен байланыстырған Гурьев-Қандыағаш-Орск магистралі сол кездері үлкен рөл атқарған. Теміржол салу жұмыстары соғыс кезінде тоқтап қалған. Тылда Күлаш Биханова, Жұмағұл Мұханбетов, Ұштап Серғазиев, Мағрупа Әліпқайрова, Камшат Қажиденова, Сақыш Исмагулова, Зүлпайрша Күмісбаева, Смағұл Асанов, Мүсілім Сабыров секілді ата-әжелеріміз ерлерше еңбек еткен. Ал 1968 жылы «Астрахан-Атырау» теміржолы қайта қолға алынып, іске қосылған-ды. Жадыра Мұратова, Дәметкен Данбаева, Иманғали Ермеков, Қайнолла Туралиев, Зейнолла Кереев, Рәпім Сұлташев, Рахима Меңдібаева, Нүфтифолла Қисметов, Әділ Ғұбашев, Мырзабек Шарипов, Злиха Алиева, Алма Ибрагимова – сол жылдардан бастап еңбек етіп, бүгіндері зейнеткерлікке шыққан азаматтар мен азаматшалар.

Қазіргі кезде тәулігіне 5-6 пойыз, 8-10 вагон қабылдап жөнелтеміз. Стансы басында жол дистанциясының жолшылары, ШЧ-8 байланысшылары, ВЧД-1 станциясының вагон бақылаушылары, ЭЧ-4 дистанциясының электрмонтерлері жұмыс жасауда. Оның 5-еуі кезекші, 5-еуі пойыз құрастырушы, 4-еуі көмекшісі, 4-еуі жүк қабылдап алып, тапсырушы, 2-еуі жүк кассирі, 4-еуі билет кассирі, 5-еуі стансы кезекшісінің көмекшісі, 4-еуі вокзал кезекшісі, 4-еуі еден жуушы. Жүк түсіру жоспары артығымен орындалуда. Жүк көлемі де жылдан-жылға артуда. Көбінесе біз құрылыс материалдары,техникалық құралдар, мұнай өнімдері секілді тағы басқа да жүктерді жеткізіп берудеміз ,-деді ол бізбен болған әңгімесінде.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521