Жолдау-2024 жүзеге асыру: отандық өндіріс өсімі және ШОБ қолдау

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру Үкімет үшін басты басымдық болып қала береді: «осында және қазір» қағидаты бойынша капитал тартуға жағдай жасалуда, отандық тауар өндірушілерге арналған кепілді өткізу нарығы кеңейтілуде, сатып алулардағы қазақстандық үлес артуда. Шағын және орта бизнесті қаржылық әрі қаржылық емес қолдау тетіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылып отыр.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардағы басты міндет – бизнес үшін болжамды, бәсекеге қабілетті орта мен айқын ережелер қалыптастыру. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына толық сай келеді.

 

Өткізу тетіктерін және қазақстандық үлесті кеңейту

Отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында Үкімет реттелетін сатып алу құралдарын кеңейтіп, ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттарды енгізді.

Мемлекеттік сатып алулар аясында ұлттық режимнен 4 834 тауар позициясын алып тастау белгіленген. 2025 жылдың алты айының қорытындысы бойынша 333,4 млрд теңгеге 106 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсім көрсетеді.

Сонымен қатар отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру жұмысы жүргізілуде. Ол компаниялардың сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шараларына басымдықпен қол жеткізуін қамтамасыз етіп, «жалған өндірушілерді» нарықтан шығарып тастауға мүмкіндік береді.

 

Отандық тауар өндірушілер тізілімі: цифрлық верификация және нарықты қорғау

Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында қазақстандық тауарлар тізілімін қалыптастыру жұмысы аяқталуда. Бұл платформа СТ-KZ және индустриялық сертификаттарды алмастырып, мемлекеттік дерекқорлар арқылы мәліметтердің автоматты верификациясын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді және нақты өндірісті растауға мүмкіндік береді.

Компаниялар QR-коды бар тегін онлайн-анықтама ала алады. Бұл тізілімге енгізу тек расталған өндіріс болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Толыққанды іске қосу 2026 жылғы 1 қаңтарға жоспарланған.

 

Жүйе құраушы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар рөлі

«Самұрық-Қазына» қоры отандық тауар өндірушілерді қолдау сапасын жетілдіруде және сатып алулар көлемін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде: 2024 жылы еншілес компаниялар 537,4 млрд теңгеге 287 келісімшарт жасасты (2023 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп), ал 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында 230,3 млрд теңгеге 417 келісімшарт рәсімделді.

Жер қойнауын пайдалану саласы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту үшін негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Бұл секторда 2024 жылы 138,9 млрд теңгеге 290 келісімшарт жасалды (2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есе артық), ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында — 901,4 млрд теңгеге 551 келісімшарт.

Жалпы жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларының үлесі жалпы көлемнің 40%-нан асады. Бұл Президенттің ірі бизнесті индустриялық дамуға тарту жөніндегі басым бағытын айқын көрсетеді.

 

Ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар

2024 жылы жалпы құны $2 млрд-тан (шамамен 1 трлн теңге) асатын 898 ұзақмерзімді келісімшарт пен офтейк-келісімшарт жасалды. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында олардың саны 968-ге жетіп, 1,132 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есе көп.

Мысал айтар болсақ, Талдықорғанда $85 млн көлеміндегі инвестицияға ұнтақтағыш шарлар шығаратын зауыт салу бойынша KazMinerals компаниясы мен чилилік ME Elecmetal компаниясы жасасқан офтейк-келісімшарт. Бұл Мемлекет басшысының халықаралық инвесторлармен әріптестікті кеңейту және жобаларды «бастан соңына дейін» іске асыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.

 

Заңнамалық өзгерістер: кепілдендірілген сатып алу және локализациялау бағдарламалары

Биыл ірі тапсырыс берушілерді, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушыларды, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті арттыруға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыруға міндеттейтін бірқатар түзетулер қабылданды.

Өнеркәсіпті қолдау мақсатында жаңа келісімшарт түрі – кепілдендірілген сатып алу шарты енгізілді. Ол бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорын өнімді белгілі бір көлемде тұрақты жеткізуге міндеттеледі, ал тапсырыс беруші ұзақмерзімде сатып алатынан кепілдейді.

 

ШОБ-ты кешенді қолдау: жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдіктер және кеңес беру

Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасының негізгі құралдарын «Даму» қоры іске асырады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша несие мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен шамамен 1 трлн теңге көлеміндегі несиемен 17 мыңнан астам бизнес жобасы қамтылды, ал 8 мың жобаға жалпы 310 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді.

Өңірлер бойынша субсидиялау жөніндегі жобалардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске асырылды. Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында жобалар аз. Салалар бойынша 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, өңдеу өнеркәсібі (33,3%), көлік және қоймалау (17%), білім беру (7,8%) көш бастап тұр. 

2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыруға 271,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. 

Қаржылық емес қолдау аясында 15 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 135 мыңнан астам кеңес берілді.

 

Кепілдік берудің жаңа негізгі құралдары: «Даму» кепілдік қорлары және заңнамадағы өзгерістер

2025 жылдан бастап «Даму» қоры базасында ірі инвестициялық жобалар мен ШОБ несиелеуге арналған екі кепілдік тетігі іске қосылды. Бұл банк өтімділігін экономиканың нақты секторына белсенді тартуға мүмкіндік береді.

Ірі инвестициялық бастамаларға арналған кепілдік қоры 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қамтиды, бұл кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешуге көмектеседі. Қолдау экономиканың негізгі салаларында – өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және экспортқа бағдарланған өндірістерге бағытталған. Қазіргі уақытта әлеуетті қарыз алушылармен жұмыс жүргізілуде, өтінімдер қабылдануда, нормативтік реттеу мәселелері, сондай-ақ капиталдандыру көздері пысықталуда. Сонымен қатар Қордың міндеттемелері бойынша мемлекеттік кепілдіктер беруге мүмкіндік беретін Бюджет кодексіне өзгерістер дайындалды.

ШОБ-қа кепілдік беру қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды. Ол жеткілікті кепілі жоқ кәсіпкерлерді қолдауға және мемлекет қаржысына тәуелділікті азайтуға бағытталған. 

Бүгінгі таңда портфельді кепілдендіру шарты «Қазақстан Халық банкі», «Банк Центркредит», «Қазақстан Фридом банкі», ForteBank, Bereke Bank, «ҚЗХ банк ЕБ», «Нұрбанк», Bank RBK, Jusan Bank, «Еуразиялық банк» сынды екінші деңгейлі 10 банкпен жасалды. 

Қаржы институты ШОБ кепілдік қорына ерікті жарналар салғанын атап өту маңызды: «Фридом» – 537 млн, «Халық банкі» – 2 млрд, «Банк Центркредит» – 2,6 млрд, ForteBank – 1 млрд, Bank RBK – 500 млн теңге.

Сонымен қатар 2025 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы бизнес үшін қарыздарға кепілдік беру жүйесін бекіткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. 

2025 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша қазірдің өзінде 170,2 млрд теңгеге 1 069 жоба қолдау тапты, оның 92,16 млрд теңгесіне кепілдік берілген. Кепілдіктер жеңілдетілген рәсім бойынша екі жұмыс күні ішінде ұсынылады, негізгі бағыттар – өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау және білім беру қызметтері.

 

«Өрлеу» жеңілдікті несиелеудің жаңа бағдарламасы

Инвестициялар мен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін биылдан бастап бірлескен қаржыландыру шарттарында «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды: 60% – банктер қаражаты, 40% – «Даму» қоры. 

Бағдарлама инвестициялық мақсаттарға жеңілдікті қарыздар беруді, айналым қаражатын толықтыруды, сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан ерте емес берілген қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыруды көздейді.

Бағдарламаның мақсаты – өндірісті кеңейту, технологиялық жаңарту және экономиканы әртараптандыру үшін қолайлы жағдай жасау. Қаржыландыру басым салаларға: өңдеу өнеркәсібі, агроөңдеу, логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларға бағытталады.

«Даму» қорының қаражаты «Қазақстан Фридом банкі», «Қазақстан Халық банкі», «Банк Центркредит», «Нұрбанк» және ForteBank-те 81,5 млрд теңге көлемінде орналастырылған. Қазірдің өзінде 203,7 млрд теңгеге 417 жобаны қаржыландыру қарастырылған.

Іскерлік ахуалды жақсарту : «1 in 2 out», «реттеуші гильотин» және «прокурорлық сүзгі»

2021 жылдан бастап Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты кезең-кезеңімен енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «1 in 2 out» принципі және «реттеуші гильотин» әдісі қолданылады. 

2024 жылғы 6 сәуірде мемлекеттік қадағалауды жетілдірген және 10 мыңнан астам артық талаптардың күшін жойған бизнесті жүргізу туралы заң қабылданды.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы бизнеске қадағалау жүктемесі 2019 жылмен салыстырғанда 58%-ға төмендеген. 

2024 жылғы 30 желтоқсанда Биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі заңмен инвесторларға қадағалау жүктемесін азайту мақсатында кез келген шектеу және тыйым салу шараларын прокурорлардың мақұлдауын талап ететін «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді.

Сонымен қатар, лицензиялаудың қолжетімділігі мен болжамдылығы артады: жыл соңына дейін бизнестің әртүрлі лицензиялар мен рұқсаттарды алуы үшін біліктілік талаптары қайта қаралады, сондай-ақ оларды алу рәсімдері мен мерзімдері оңтайландырылады.

Сондай-ақ, бизнес бірқатар есептерді тапсырудан босатылды. Кәсіпкерлік қызметтің 58 саласында бар 381 ақпараттық құрал 49%-ға оңтайландырылды және 37%-ға автоматтандырылды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде шағын және орта бизнес саны 2024 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға немесе 96 209 кәсіпорынға өсіп, 2 125 003 кәсіпорынды құрады.

Экономикадағы ШОБ үлесі де 0,9 пайыздық тармақшаға өсіп, 38,6%-ға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 18,7 трлн теңгені құрап, 11,4%-ға ұлғайды.

 

Кәсіпкерлерге арнаған цифрландыру: eGov business «цифрлық көмекші» ретінде

Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттің бизнеспен өзара іс-қимыл жасау тәсілдері қадағалаудан серіктестікке қарай өзгеруде. Кәсіпкерлерді қолдау үшін арнайы жасалған заманауи цифрлық көмекші – eGov Business мобильді қосымшасы іске қосылып, 2025 жылдың 1 сәуірінде жаңартылды.

Бұл қосымша мобильдік байланыс құрылғыларын пайдалана отырып ШОБ-қа арналған мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін, мемлекеттік қолдау шаралары мен «Электрондық үкімет» сервистерін автоматтандыруға арналған.

Кәсіпорынды тіркеу, салық күнтізбесі, электронды сертификаттар алу және құжаттарға цифрлық қол қою сияқты жаңа қызметтер іске қосылды.

 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: жобалар портфелі және жаңартылған нормативтік база

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2,6 трлн теңгеге 1 110 МЖӘ шарттары мен концессиялар жасалды: құны 1,4 трлн теңгеден астам 15 республикалық жоба және 1,17 трлн теңгеден астам 1 095 жергілікті жоба.

2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша МЖӘ саласында реформа жүргізілді: сатып алу заңнамасын айналып өту мүмкіндіктері жойылды, әлеуметтік-экономикалық тиімділікті бағалау әдістемелері енгізілді.

Сондай-ақ, 2022-2023 жылдары жобаларды әзірлеу сапасын арттыруға бағытталған көлемді әдістемелік жұмыс жүргізілді.

Президенттің 2024 жылғы Жолдауындағы тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру кешенді түрде нәтиже береді: отандық тауар өндірушілер үшін реттелетін сатып алулар мен ұзақ мерзімді шарттар және кепілді сатып алу шарттары арқылы болжанатын сұраныс қалыптастырылып жатыр; ШОБ үшін субсидиялаудың, кепілдіктердің, «Өрлеу» бағдарламасы және цифрлық сервистердің арқасында қаржыландыруға қолжетімділік кеңейтіледі; инфрақұрылым үшін отандық өндірушілерді барынша тарта отырып, ауқымды жаңғырту іске қосылады. 

Заңнамалық өзгерістер, реттеушілік саланы қайта жүктеу және МЖӘ-нің жаңа архитектурасы осы шешімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді әрі Мемлекет басшысының негізгі талабына: инвестициялардың өсуіне, жұмыспен қамтуға және Қазақстан экономикасын технологиялық жаңғыртуға сәйкес келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT