Жыл қорытындысы: Атырауда ғылым қарқынды дамып келеді

(0 Votes)

Қазақстанда оқытудың ең озық әдістерін енгізуден бастап, заманауи инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ студенттерді жан-жақты қолдау мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін жаңғырту әрі реформалау бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі артып келеді. Отандық ғалымдардың әзірлемелерін қолдау және коммерцияландыру жөніндегі бағдарламалар енгізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тұтастай алғанда, білім беру жүйесі мен ғылым саласы ғылыми-технологиялық прогресс сұраныстарынан туындайтын серпінді даму сатысында тұр. Primeminister.kz сайты еліміздің 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланымдар топтамасын жалғастыруда.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру 

Бүгінде елімізде 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 11 ұлттық ЖОО бар, мемлекеттік ЖОО – 29, азаматтық емес ЖОО – 14, ДББҰ (дербес білім беру ұйымы) – 1, халықаралық – 1, акционерленген – 16 және жекеменшік – 48. Білім алушылар құрамы 642,5 мыңнан астам адамды құрайды, мемлекеттік тапсырыс бойынша 255,6 мыңнан астам студент оқып жатыр.

Түлектер саны 182,6 мың адам, оның ішінде бакалавриатта – 157 мың, магистратурада – 21 мың, докторантурада – 1,8 мыңнан астам және резидентурада – 2,1 мыңнан астам адам оқиды.

Жалпы профессор-оқытушылар құрамы 37,4 мың адамды құрайды, оның 46,5%-ның ғылыми дәрежесі бар (2023 жылы – 44,5%). Ғылым кандидаттарының саны – 10,5 мың адам (2023 жылы – 10,4 мың), ғылым докторлары – 2,7 мыңнан астам адам (2023 жылы – 2,6 мыңнан астам), PhD докторлары – 4,1 мыңнан астам адам (2023 жылы – 3,7 мыңнан астам).

Кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл санап артып келеді. 2024-2025 оқу жылына 94,2 мыңнан астам грант бөлінді (2023 жылы – 88,2 астам), оның ішінде 78,2 мыңнан астамы бакалавриатқа, 13,1 мыңы магистратураға және 2,9 мыңы докторантураға берілді.

Жаңадан құрылған және халық тығыз қоныстанған облыстардың, батыс өңірлердің (Абай, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Атырау облыстары және Шымкент қаласы) жастарына жыл сайын 5 мың нысаналы білім беру гранты бөлінеді.

Байқау қорытындысы бойынша 412 жетім бала, 382 мүгедектігі бар бала, көпбалалы отбасындағы 3,5 мың астам бала, толық емес отбасындағы 933 бала, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы 437 бала оқу грантын иеленді. 

Биыл қабылдау рәсімін өзгерту нәтижесінде 1,6 мыңнан астам этникалық қазақтар білім гранттарын алды (2023 жылы – 804).

Денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету үшін резидентурадағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 1,5 мыңнан 2,5 мың грантқа дейін, яғни 70%-ға ұлғайтылды. Су саласына мамандар даярлау мақсатында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» КЕАҚ құрылды.

2024-2025 оқу жылында ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар бөлу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Алғаш рет педагогикалық мамандықтар мен әлеуметтік ғылымдар бойынша 300 сараланған грант қарастырылған. Мемлекет оқу ақысының 50%-ын жабады, ал студент толыққанды стипендия алады.

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Парламенті Сенатының екінші оқылымында мақұлданды және ҚР Президентіне қол қоюға жіберілетін болады.

2024 жылғы қыркүйектен бастап стипендия мөлшері: бакалавриат бағдарламалары бойынша 20%-ға 47,1 мың теңгеге дейін (2023 жылы – 41,8 мың теңгеден астам), педагогикалық ғылымдар бойынша 75,6 мың теңгеге дейін (2023 жылы – 67,2 мың теңге); магистранттар үшін – 15%-ға 107 мың теңгеге дейін (2023 жылы – 97 мың теңгеден астам); докторанттар үшін 240 мың теңгеге дейін (2023 жылы – 217,5 мың теңге) өсті.

Жатақханамен қамтамасыз ету 

Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде студенттерге жатақханада орын жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. 2023 жылы 10,3 мың орындық 43 жатақхана пайдалануға берілді. 2024 жылғы 26 желтоқсандағы жағдай бойынша 11 079 орындық 40 жатақхана (ЖОО студенттері үшін 8 996 орындық 32 жатақхана, колледж студенттері үшін 2083 орындық 8 жатақхана) берілді.

Алматы және Астана қалаларының ұлттық ЖОО-лары үшін мемлекеттік тапсырыстың мөлшері нысанды реконструкциялау кезінде 6 жыл ішінде пайдалануға бергеннен кейін 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (НҚА жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында).

Халықаралық ынтымақтастық 

23 стратегиялық әріптестік пысықталды, оның 16-сы шетелдік ЖОО-ның филиалы, 10 стратегиялық әріптестік бойынша жұмыс жүргізілуде. 

QS WUR әлемнің үздік университеттерінің халықаралық рейтингіне 21 ЖОО (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 163 орын) кірді. Times Higher Education рейтингіне қазақстандық 29 жоғары оқу орны қатысты, оның ішінде 4 жоғары оқу орны тізімнен орын алды.

ЖОО-дары 245-ке жуық бірлескен білім беру және қос дипломдық бағдарламаларды іске асыруда. Жыл сайын дәріс оқытуға 200 шетелдік ғалымды шақыруға қаражат бөлінеді. Тізілімге 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы енгізілді, оның 57%-ы жаңартылды.

Цифрлық университеттердің моделі жасалды. 2023 жылдан бастап бұл модель 2 ЖОО: Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында пилоттық режимде іске қосылды.

Ынтымақтастықты дамыту және оқытудың инновациялық технологияларын қолдану мақсатында Coursera, Huawei Technologies Kazakhstan, Binance Kazakhstan сияқты ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылды. Huawei сертификатталған курстарын ұсыну үшін 40 ЖОО базасында Huawei ICT Academy құрылды. Binance Kazakhstan қолдауымен 22 ЖОО-ның АКТ факультеттерінің 350-ге жуық оқытушысы блокчейн-технологиялар бойынша оқытылды. Coursera жобасы бүкіл еліміз бойынша 93 университетті қамтыды, бұл сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн курстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. 152 курс қазақ және орыс тілдеріне аударылып, 4 мың курсқа қазақ тілінде машиналық аударма жасалды. 70 мыңнан астам оқушы түрлі пәндер бойынша 140 мыңнан астам сертификат иеленді. Coursera каталогында әлемнің жетекші университеттері мен профессорларының 10 мың курсы бар. Бүгінгі таңда Coursera-ның 102-ге жуық курсы қазақ және орыс тілдеріне аударылды. 2024 жылға 93 жоғары оқу орнынан қазақстандық студенттерге 40 мың лицензия бөлінді. Студенттер әлемнің жетекші университеттері мен профессорларынан 20 мыңнан астам онлайн және 4,2 мың AI курстарына қол жеткізді. Бағдарлама студенттер арасында кәсіпкерлік пен инновацияны дамытуға ықпал етті. Университеттер Coursera курстарын өздерінің оқу жоспарларына біріктіре бастады және өз онлайн курстарын дамытуда.

IT бағыттар бойынша студенттерді OpenSearch жобасына тарту және салалық деңгейдегі тәжірибе жинақтау мақсатында ҒЖБМ мен Amazon компаниясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Жасанды интеллект (ЖИ) саласында ЖОО аралық ЖИ стандарты қабылданды, 17 ЖОО «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және блокчейн инженериясы», «Кибернетика және ЖИ», «Медицинадағы ЖИ», «Жасанды интеллект және деректерді талдау», «Көлік инженериясындағы ақылды технологиялар және жасанды интеллект», «Информатика және жасанды интеллект» және басқа да 21 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Түлектер жаңа білім беру ісінде Python бағдарламалау, кітапханалармен және құрылымдармен жұмыс (TensorFlow, Keras, PyTorch), деректерді талдау және визуалды бейнелеу (Pandas, NumPy, Matplotlib, Seaborn), табиғи тілді өңдеу (NLP), үлкен деректер және мәліметтер базасымен жұмыс (SQL, NoSQL), ЖИ шешімдерін бизнес-үдерістерге біріктіру, нейрондық желілерді әзірлеп, енгізу, ЖИ және басқаларды пайдалана отырып процестерді автоматтандыру сияқты дағдыларға ие болады.

Сеул техникалық университетімен бірлесіп Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында City University of Hong Kong филиалы (жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарлама), Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Лу Бань шеберханасымен бірге Жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ Л. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында Лу Бань шеберханасының екіншісін ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. М. Тынышпаев атындағы Логистика және көлік академиясының базасында Лу Баньның үшінші шеберханасын ашу жоспарлануда.

ҒЖБМ Мемлекет басшысына барлық деңгейдегі студенттер арасында ЖИ саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған ЖИ бойынша AI-Sana пилоттық бағдарламасын таныстырды. Ол ұлттық экономикадағы ЖИ әлеуетін ашуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудара отырып, 100 000 қатысушыны қамтиды. Қазақстанның технологиялық және экономикалық өсуінің драйвері бола алатын DeepTech-стартаптарды құруға ерекше назар аударылды. Бұл бастама еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына жаңа серпін бере отырып, білікті кадрларды даярлау және ЖИ технологияларын дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

AI-Sana білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіруді (ЖИ саласындағы іргелі білім мен дағдыларды қалыптастыру, экономиканың негізгі салаларына ЖИ енгізу үшін мамандар даярлау, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары базасында DeepTech-стартаптарды генерациялауға ықпал ететін тұрақты экожүйені құру) қамтиды.

Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленді. Оның қалыптасуында Стэнфорд жоғары білім мектебінің бас технологиялық директоры әрі қауымдастырылған деканы Пол Ким жетекші рөлді атқарды. Әзірлеу кезінде Stanford University, Imperial College London, King’s College London, Royal Academy of Engineering сарапшыларының тәжірибелері, сондай-ақ SETsquared және UKSPA инновациялық платформалары қолданылады.

Бағдарламаны іске асыруда Қазақстанның университеттері (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) шешуші рөл атқарады.

2024 жылы отандық 15 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша Google курстарын енгізді. Generative AI курсы аясындағы жобаға 5 мың студент қатысады. 2 ЖОО (Абай атындағы ҚазҰПУ және Қ. Жұбанов атындағы АӨУ) Google for education пилоттық жобасына қатысуда.

NVIDIA бойынша – 12 ЖОО DLI жобасына қатысып жатыр, 12 сертификатталған өкіл NVIDIA сертификаттарына қол жеткізді, 2 оқытушы NVIDIA-дан DLI сертификатын иеленді.

Министрлік 01 EduSystem компаниясымен инновациялық бағдарламалау мектептерін ашу бойынша өзара ынтымақтастық бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жоба өңірлік 20 ЖОО-да іске асырылады. Пилоттық жобаға Yessenov University қатысатын болады. Жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйе күшейтілді. Оқу орындары LMS (Platonus, Univer, Moodle және т.б.) платформаларына қосылған.

Кадрлармен қамтамасыз ету және оқытудың жаңа бағдарламаларын енгізу

Озық кадрлық қамтамасыз ету жүйесін енгізу мақсатында «Мамандығым – болашағым» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 20 өңірде жобаны іске асыру бойынша өңірлік жол карталары бекітілді. 9 өңірде: Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола облыстары және Жетісу өңірі, Астана және Алматы қалалары бойынша 45 сала бойынша кадрларға сұраныстың өңірлік карталары әзірленді. Қазіргі уақытта 5 өңірде – Алматы, Атырау, Қостанай, Түркістан облыстарында және Ұлытау өңірінде өңірлік картаны әзірлеу жүзеге асырылуда. Жұмысты аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған. Нәтижесінде ЖОО-лар қажеттіліктердің өңірлік карталарын ескере отырып, 900-ден астам білім беру бағдарламасын өзектендірді, оның ішінде еліміздің 50 ЖОО жоба шеңберінде 440 жаңа ББ енгізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҒЖБМ биылғы 1 қыркүйектен бастап ірі өндірістік компаниялармен бірлесіп «Индустриялық РhD» даярлауды бастады. 100 грант бөлінді. Дайындыққа 8 ЖОО, 132 кәсіпорын жұмылдырылған. Ғылыми зерттеулер, инженерлік мектептер тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен байланысты өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал ететін болады. Инженерлік білім беру тұжырымдамасы әзірленді.  

Педагог кадрларды даярлау 

Бүгінгі таңда 54 ЖОО-ның педагогикалық бағыт бойынша лицензиясы бар. Педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге қойылатын талаптар кезең-кезеңімен артып келеді. Дарынды жастар арасынан педагогикалық бағыттарға түсушілердің оң динамикасы байқалады. 2024 жылы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлеріне 1,7 мыңнан астам грант берілді.

Осы жылы педагогикалық бағдарламаларға түсетіндердің ҰБТ-дағы орташа балы 105 балды құрады (2023 жылы – 102,5). Жыл сайын педагогикалық бағыттарға гранттар саны артып келеді. Егер 2023-2024 оқу жылында 15 923 грант бөлінсе, 2024-2025 оқу жылында – 15 973 грант берілді.

Педагогикалық жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмысты жалғастыруда. Білім беру бағдарламаларының тізіліміне 1,7 мыңнан астам бағдарлама енгізілді, оның 89,7%-ы «Педагог» кәсіби стандарты негізінде жаңартылды.

Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аяқталды. Жоба аясында 30 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді.

Сонымен қатар ADOS-2 аутизді ерте диагностикалау әдістемесі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды түзету бойынша 67 оқытушы қосымша оқытылды. Бүгінгі таңда «Арнайы педагогика» бағыты бойынша кадр даярлауды жүзеге асыратын 14 ЖОО инклюзивті білім беру кабинеттерімен жарақтандырылған. Брайльмен басып шығаруға арналған принтерлер сатып алынды. Педагогикалық білім беру тұжырымдамасы қабылданды.

«Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында 12,6 мыңнан астам адам, оның ішінде «Ғылыми-педагогикалық қызметкерлер» санаты бойынша – 1,9 мыңнан астам адам даярланды. 

Ректорлық корпусты жаңарту 

Елімізде конкурс өткізу арқылы ректорларды тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ректорлық корпустың 50%-дан астамы жаңартылды. Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының түлектері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары арасынан жас басқарушылар келді. 

Академиялық басымдық орталықтарын құру бойынша шаралар қабылданды. Биыл 6 ЖОО келісімшарт жасасты. Алдағы уақытта 7 ЖОО базасында Академиялық басымдық орталықтарын құру үшін 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысады деп жоспарлануда.

Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құра отырып, 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы әзірленді.

Бес жоғары оқу орнына (М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) зерттеу университеті мәртебесі берілді. 

Ғылымды дамыту

Қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 2024-2026 жылдарға 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды (оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыру – 198 млрд теңге, коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру – 67,9 млрд. теңге). Ғылыми зерттеулермен айналысатын ұйымдардың саны 425-ке дейін өсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11 бірлікке көп. Ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамға жетті (өткен жылға қарағанда +13%).

Жастарды ғылымға тарту мақсатында ҒЖБМ мен «Отбасы банкі» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Отбасы банкі» АҚ келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосты. Несиенің ең көп сомасы 20 млн теңгені, қарыз мерзімі – 19 жылды құрайды. 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 290 пәтер берілді. Бұл жас ғалымдарды Қазақстанда қалуға әрі елімізде ғылымды дамытуға қосымша ынталандырады. Өтеусіз негізде жас ғалымдарға 20 пәтер берілді.

2023 жылы 809 ғалымға әлемнің жетекші орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар берілді. Қазіргі уақытта Республикалық комиссияның 2 отырысының қорытындысы бойынша 80 үміткердің ғылыми тағылымдамадан өтуі мақұлданды.

Ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауда жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді, докторантураға мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін ұлғайтылды.

Ғылымды дамытуға және технологиялық саясатты іске асыруға, еліміздің бәсекеге қабілетін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізуге, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданды.

Мемлекеттік сатып алудың жалпы бюрократиялық рәсімінсіз ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін қажетті ҒЗИ мен ЖОО сатып алатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты нормаларды көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қол қойылды. Сатып алу тәртібі мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша ҒЖБМ-мен айқындалатын болады.

Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ға, ал 2025 жылғы қаңтардан бастап 17%-ға ұлғайту жоспарлануда.

Бұдан басқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көзделген нормалар шеңберінде ғылыми атақтардың болуы үшін ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мысалы, қосымша ақы мөлшері ғылым кандидаты, философия докторы және саласы бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор (доцент) үшін 25 еселенген АЕК-ке дейін (бұрын – 17 АЕК); ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор (доцент) үшін 42 еселенген АЕК-ке дейін (бұрын – 34 АЕК); ғылым кандидаты, философия докторы, саласы бойынша доктор және ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар профессор үшін 50 еселенген АЕК-ке (бұрын – 17 АЕК) дейін ұлғайтылды. 

Ұлттық ғылым академиясының институционалдық рөлі нығайып, ҚР ҰҒА бюджеттік қаржыландыру мәселелері шешілді. 250 ғылыми ұйым Web of Science, Scopus және Wiley дерекқорларын пайдаланады.

Биыл 2297 ғылыми жоба, 299 ғылыми-техникалық бағдарлама, 206 коммерцияландыру жобасы іске асырылып жатыр. Жас ғалымдар 1055 ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары медицинада, электроникада және шыны өндірісінде кеңінен қолданылатын 99,5% тазалығы бар Селен химиялық элементін өндіру әдісін ойлап тапты.

2024-2026 жылдарға көзделген ғылым бюджеті – 703,6 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 9%-ға артық. 2024 жылы республикалық бюджеттен (РБ 11-ші түзетуден кейін) ғылымды дамытуға 177,3 млрд теңге бөлінді, оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – 66,2 млрд теңге, гранттық қаржыландыру – 75,2 млрд теңге, іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру – 3,1 млрд теңге, коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру – 22,9 млрд теңге, базалық қаржыландыру – 9,9 млрд теңге болды.

2024 жылы ЖІӨ-дегі ҒЗТКЖ-ға ішкі шығындардың үлесі 121 млрд теңгеден 173 млрд теңгеге дейін өсті (ЖІӨ-нің 0,13%-дан 0,14%-ға дейін).

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандық ғылым мен ірі өнеркәсіптің басымдықтары арасындағы әріптестікті белсенді қолдайды. Ғылыми-технологиялық сессиялар өзара іс-қимылдың табысты мысалы саналады. 2024 жылы Қазақстанның түрлі қалаларында 7 ғылыми-технологиялық сессия (хакатондар) өткізілді. Олардың әрқайсысында ғылыми-өндірістік міндеттер шешіліп, шешімдердің прототиптері әзірленді. Қатысушылардың жалпы саны 50-ден 100 адамға дейін болды, оның ішінде ғалымдар мен кәсіпорын сарапшылары бар. Ғылыми-технологиялық сессиялар еліміздің жетекші кәсіпорындарымен ынтымақтастықта ұйымдастырылды, бұл шешілетін міндеттердің өзектілігі мен практикалық құндылығын қамтамасыз етті.

Ғылыми-технологиялық сессияларда шешілетін міндеттердің негізгі бағыттарына бағалы металдарды өндіру және қайта өңдеу, экология және қалдықтарды қайта өңдеу, процестерді цифрландыру және автоматтандыру, өндірістердің тиімділігін арттыру, агроөнеркәсіптік кешенде топырақты өңдеу мен суаруды жақсарту, сондай-ақ қызметкерлердің техникалық қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету кірді.

Осылайша, ғылыми-технологиялық сессияларға 400-ден астам ғалымдар мен сарапшылар қатыстырылып, компанияның міндеттеріне 100-ден астам ғылыми-техникалық шешімдердің тұжырымдамасы жасалды. ЖҒТК отырысында Қазақмыс, ERG және Қазатомөнеркәсіппен ғылыми-технологиялық сессиялардың қорытындысы бойынша 11 техникалық тапсырма ұсынылды. Осылайша, биылғы ғылыми-техникалық тапсырмалардың жалпы көлемінің 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижелеріне негізделген. Қалған шешімдер 2026-2028 жылдары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы бойынша ЖҒТК-ға шығарылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT