Жыл қорытындысы: Мәдениет саласындағы маңызды оқиғалар

(0 Votes)

Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл қорытындысын театр және музей саласындағы маңызды оқиғалармен түйіндейді. Театрлар мен музейлер мәдени мұраны сақтау және насихаттауда маңызды рөл атқарады. Биыл мәдениет саласын дамытуға бағытталған көптеген маңызды іс-шаралар мен бастамалар жүзеге асырылды. Енді негізгі оқиғалар мен жетістіктерге тоқталып өтейік.

Бүгінде Қазақстанда 57 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Биыл Атырау қаласында тағы бір жаңа мемлекеттік театр — «Жастар» театры ашылды.

Еліміздің театрларында 9 мыңға жуық маман қызмет етеді, оның ішінде 4 200-і шығармашылық ұжым мүшелері бар.

Биыл Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым сахналады, оның 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде жасалған. Жыл бойы театрлар халықаралық фестивальдерге белсенді қатысты.

Министрлік тарихи театрларды жаңарту және қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары, Абай атындағы опера және балет театрында ішкі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар жеті ғимарат жаңартылды. Наталия Сац атындағы орыс театрының жөндеу жобасы сараптамадан өтіп жатыр, сондай-ақ неміс драма театрын жөндеу және газдандыру жұмыстары қарастырылуда. 2025 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратына сараптама жүргізу жоспарланды.

2024 жыл қазақстандық музейлерді дамытуда маңызды кезең болды.

Қазақстанда 275 музей, соның ішінде республикалық және өңірлік музейлер, сондай-ақ 12 республикалық музей-қорық жұмыс істейді. Бұл музейлердің қорғауында 200-ден астам республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Музейлер инфрақұрылымды белсенді дамытып, заманауи визит-орталықтар ашты. Атап айтсақ, Отырар, Ұлытау, Тамғалы, Сарайшықта бой көтерді. Қазіргі кезде Есік, Ордабасы, Сауран, Гаухар-ана, Бозоқ музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. Музей-қорықтар аудиогид, сенсорлық экран секілді заманауи технологиялармен  қамтамасыз етілді, ал кейбір орталықтарда жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.

Сонымен қатар, бұл мәртебені Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне беру жоспарда бар.

2025 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» атты бірыңғай порталын іске қосады. Бұл портал елдегі барлық музейлер туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар мемлекеттік каталогқа енгізілген ұлттық мәдени мұра объектілерімен, сондай-ақ бірегей артефактілердің 3D үлгілерімен таныса алады.

Архив, кітап ісі салаларындағы жетістіктер

Қазақстанда жыл сайын 22 желтоқсанда Архившілер күні атап өтіледі. 1998 жылы осы күні Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заң қабылданды.

2024 жылы Қазақстанның архив, кітап ісі және әдебиет салалары айтарлықтай нәтижеге жетті. Архивтердің тиімді қызметі, заңнамалық өзгерістер, халықаралық деңгейдегі кітап көрмелері мен ұлттық мәдениетке арналған жаңа бастамалар – еліміздің рухани дамуы мен тарихи мұраларын сақтау ісінде маңызды қадам болды.

Биыл мемлекеттік архивтер Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл аудандық архивімен және Қатонқарағай аудандық архивімен толықты. Осылайша, елімізде тарихи фактілер мен оқиғалардың көзі саналатын мемлекеттік архивтер саны 231-ге жетті.

Заңды және жеке тұлғалардан 219 862 сақтау бірлігі қабылданды. Бүгінде Ұлттық архив қорының көлемі 74,7 мың бірлікке артты. Қазақстан бойынша архив қоры 27,5 миллион сақтау бірлігіне жетті. Мұрағат құжаттарына қоғам мен азаматтардың қызығушылығы артып келеді. Биылғы 9 айда 12 187 зерттеушіге 73 704 сақтау бірлігі берілді.

Архив құжаттарын дәріптеу, архив қорларының құрамы мен мазмұны туралы халықты ақпараттандыру мақсатында 5 021 іс-шара өтті. Атап айтқанда, фотоқұжат көрмелері, архив құжаттары жинақтарының, анықтамалық басылымдардың тұсаукесерлері, дөңгелек үстелдер, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар және т. б. ұйымдастырылды.

Салалық кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша нақты жұмыстар атқарылды. Кейінгі үш жылда мемлекеттік архивтер мен ведомстволық архивтердің 498 қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

2024 жылы архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Түрікменстан Республикасымен келісімге қол қойылды. Архивтер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының V отырысы Петропавл қаласында өтті.

Сондай-ақ, халықаралық архивтер күніне орай «Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы архивтер күндері» ұйымдастырылды. Онда мемлекеттің архив қоры бойынша архив құжаттарының 5 көрме экспозициясының тұсаукесері өтті.

Кітап ісі және әдебиет саласы бойынша да бірқатар жетістіктер бар. Атап айтқанда, Қазақстандық баспагерлер мен қаламгерлер Франкфурт кітап жәрмеңкесіне қатысты. Бұл отандық жазушылар мен басылымдарды халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етті.

Айтулы оқиғалардың бірі Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді. Бұл мереке – елімізде кітап оқуды насихаттауға мүмкіндік береді. Аталған мереке Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.

Сондай-ақ 2025 жылы түрлі номинациялар бойынша үздік кітаптарды анықтауға арналған «Ұлттық кітап» байқауы өтеді.

Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан жас қаламгерлерге арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас қаламгерлер Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығына және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай Алматы облысы мен Жетісу облысына әдеби тур өткізді.

Сонымен қатар, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл үшінші рет өткізілген «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 автордан өтінім түсіп, үздік шығармалар анықталды.

Министрлік Қазақстан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша 3 жаңа жоба жүзге асырды.

Атап айтқанда, жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде кең байтақ еліміздің әр қиырын шарлап, жаңа шығармалар жазды. Жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті. «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллинның 130 жылдығы, Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы, Герольд Бельгердің 80 жылдығы секілді  бірқатар қаламгерлердің мерейтойлық даталары кең көлемде аталып өтті.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, дарынды авторларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсаттында жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауын жариялады.

Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы (ҚазҰЭК) да бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) өз қорын айтарлықтай кеңейтіп, 78 149 құжатқа жетті. Аталған көрсеткіш ҚазҰЭК-тің халықаралық аренадағы танымалдылығы мен әлемдік ақпараттық кеңістікке қосқан үлесін көрсетеді.

Осылайша, 2024 жыл Қазақстанда архив ісі, кітап шығару және әдебиет салаларында маңызды жетістіктер жылы болды. Іске асырылған бастамалар ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, азаматтардың маңызды тарихи және мәдени ресурстарға қолжетімділігін арттырады.

Білім беру саласындағы айтулы оқиғалар

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жыл қорытындысын шығаруда. Айта кету керек, мәдениет пен өнер саласындағы кадрларды дамытуға бағытталған жүйелі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 1637 орын бөлінді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына студенттерді сапалы қабылдау мақсатында, кейбір қолданыстағы білім беру бағдарламалары топтары бөлініп, нәтижесінде 12 жаңа топ құрылды (аспаптық орындаушылық, вокалдық өнер, дәстүрлі музыкалық өнер, эстрадалық өнер, кино және теледидар режиссурасы, сахналық өнер мен цирк режиссурасы, анимация режиссурасы, операторлық және фотоөнер, медиаөнер және цифрлық технологиялар, сценография, сәндік өнер, сондай-ақ сән дизайны).

Биыл білім беру саласында ауқымды іс-шаралар мен маңызды оқиғалар өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітова есімі берілді. Бұл шешім қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан ерекше тұлғаны мойындау ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысты нығайтудағы маңызды қадам болды.

Еліміздің музыкалық өнері үшін ерекше маңызды оқиға – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өзінің 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Сексен жыл ішінде консерватория мәдени орталыққа айналып, Қазақстанды әлемдік аренада танытқан көптеген өнер қайраткерлерін тәрбиеледі. Оның түлектері арасында Қазақстанның халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер және көрнекті музыканттар бар.

Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты да мерейтойын тойлады. Мерейтойлық іс-шара мерекелік концертпен атап өтілді.

Жыл бойы білім беру процесінің маңызды бөлігі түрлі байқаулар мен фестивальдер болды. Олар жас таланттарға платформа ұсынып, жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етті.

Айтулы іс-шаралардың бірі — Күләш Байсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында өткен Қазақстан жас орындаушыларының XII Республикалық конкурсы. Оған 187 жас талант қатысып, олардың 162-сі лауреат атанды.

Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография училищесінің 90 жылдығына арналған «ӨРЛЕУ» VI Халықаралық фестивалінің өткізілуі хореография өнеріне көпшілік назарын аударды. Фестивальге тоғыз елден өнерпаздар қатысты.

Жас таланттарды қолдауға және дамытуға бағытталған байқаулар да үлкен маңызға ие болды. Атап айтқанда, колледждер арасындағы Республикалық байқау, жас шығармашыл жастарға арналған «Шабыт» Халықаралық байқауы, Ахмет Жұбанов атындағы орындаушылардың Халықаралық байқауы және «Astana Merey» ХХ Халықаралық байқауы өткізілді.

Айрықша атап өтуге лайық іс-шаралардың бірі — жас пианистерге арналған II Республикалық «Astana Piano Passion» байқауы. Бұл шара жас дарындарға өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беріп, Қазақстанның мәдени кеңістігін жаңа есімдермен байытты.

Жыл бойы мәдениет саласындағы білім беру мекемелерінің оқушылары шетелде өткен халықаралық байқауларда, соның ішінде Австрия, Қытай, Италия, АҚШ, Чехия және Ресейде бірнеше рет жеңіске жетіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды.

Қазақ мәдениеті шетелде танылды

Биыл Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет пен өнер саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жыл ел үшін маңызды кезең болып, қазақтың бай мәдени мұрасы мен алуан түрлілігін айқындайтын көптеген ауқымды іс-шаралармен есте қалды. Ұйымдастырылған көрмелер, фестивальдер мен гастрольдер ішкі мәдени байланыстарды нығайтумен қатар, қазақ мәдениетін шетелде белсенді түрде насихаттауға да ықпал етті. Министрлік 2024 жылғы жұмысын қорытындылады.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде Қазақстан Республикасының Бейжің қаласында, Қытай Халық Республикасының Астана қаласындағы мәдени орталықтарының ашылуын атап өтуге болады. Іс-шараға екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қатысты. Бұл орталықтар мәдени іс-шараларды ұйымдастыру үшін тиімді алаңға айналды.

Биыл қазақ өнері әлемге әйгілі алаңдарда: Венеция биенналесі мен Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде алғаш рет ұсынылды. Бұл көрмелерді шамамен екі жүз мың адам тамашалады.

Қазақстанның шығармашылық ұжымдарының шетелдегі гастрольдері сәтті өтіп, Франция, Вьетнам, Түркия, АҚШ сияқты 14 елді қамтыды. Бұл іс-шаралар халықаралық байланыстарды нығайтып, қазақ мәдениетін шетелде танытуға ықпал етті. Жаңа шығармашылық ұжымдар – «Бірлік» көпұлтты ән-би ансамлі мен Мемлекеттік квинтет құрылды.

Сонымен қатар, мәдениет бағыты бойынша білім алған 255 студент Қытай, Италия, Ұлыбритания, Австрия, АҚШ, Түркия, Чехия, Испания және басқа да елдерде өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды.

Мәдени дипломатияның маңызды бөлігі ретінде Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері атап өтілді. Бұған қоса, биыл Қазақстанда Саха Республикасы (Якутия), Түрікменстан, Әзербайжан және Арменияның мәдениет күндері өтті. Бұл мемлекеттер арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықтың белсенділігін көрсетеді.

2024 жылы қазақ қайраткерлерінің есімдері де ұлықталды. Құрманғазы, Абай сынды тұлғалардың ескерткіштері Түрікменстан, Тәжікстан және Татарстанда орнатылды.

Айтулы оқиғалардың бірі – 17 мыңнан астам көрермен жинаған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты. Ойындардың жабылу рәсімінде әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің керемет концерті ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» атты картинасының көрмесі өтті. Бұл көрмені 37 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Жыл ішінде өткен гастрольдерден «Астана Опера» ұжымының Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында «Абай» операсын сахналағанын ерекше атап өтуге болады. Қойылым көрермен қошеметіне ие болып, ресейлік көрермендердің қазақ өнеріне деген шынайы қызығушылығын көрсетті.

Ал «Астана Опера» ұжымының биылғы шетелдегі соңғы гастрольдік сапары Дубайда өтіп, онда «Щелкунчик» балетін 12 мың көрермен тамашалады.

Санкт-Петербургтегі әйгілі «Балтийский дом» театр-фестивалінің сахнасында Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсын Түркияда 4 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Айта кететін жетістіктердің бірі – «Qazaq Culture» ақпараттық-ағартушылық платформасының іске қосылуы. Бұл платформа сегіз тілде, соның ішінде БҰҰ-ның алты ресми тілі, қазақ және түрік тілдерінде ақпарат таратады. Аталған бастама Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлемге танытуға бағытталған.

Қазақстандық кинематография қалай дамуда?

Мәдениет және ақпарат министрлігі киноиндустрия саласы бойынша 2024 жыл қорытындыларын назарларыңызға ұсынады.

Биыл 15 отандық фильм кең прокатқа шықты: «Алма мен адам», «Жел тоқтаған жер», «Алматы, я люблю тебя», «Жизнь после», «Соңғы үкім», «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Баурына салу», «Операция «Набат», «Shulamah», «Носорог» («Дала қасқыры»), «Братья», «Солдат любви» («Стоп, ночь»), «Талақ», «Мама, я живая!», «Қажымұқан». Бұл фильмдердің барлығы мемлекет қаржысы есебінен түсірілген. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жеті фильм халықаралық деңгейде 34 марапатқа ие болды, ал «Баурына салу» фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда Қазақстан киносы күндері өтті. Бұл шаралар қазақстандық кино өнерін белсенді түрде насихаттауға ықпал етті.

Еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі. Бұл шараға көптеген қонақтар, соның ішінде өнер және кино саласындағы танымал тұлғалар қатысты.

«Қазақфильм» киностудия мұрасын сақтау жұмыстары жалғасуда. Ресей Федерациясының мемлекеттік кинофильмдер қорында сақталған және қазақстандық киноның алтын қорына кіретін 11 фильм цифрландырылуда. Ал, Кеңес Одағы кезінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген 7 фильм реставрациялану үстінде.

Халықаралық ынтымақтастық аясында «Победителей видно на старте» фильмінің түсірілімдері басталды. Бұл жоба Қазақстан, Франция, Нидерланды және Литва елдерінің бірлескен өнімі. Сондай-ақ, Қазақстан Канн кинофестивалінің Marché du Film кинонарығына қатысты.

Биыл «Ойжұмбақ 2» («Головоломка 2») голливудтық блокбастері, «Гадкий я 4» және «Моана 2» анимациялық фильмдері қазақ тілінде көрсетілді.

Шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау талаптарын жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленіп, Парламентке ұсынылды. Министрлік мемлекеттік тілдегі фильмдердің үлесін арттыру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта Сенатта «Кинематография туралы» Заңға түзетулер қаралуда. Бұл түзетулер «Қазақфильмге» мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін қамтиды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT