Жыл қорытындысы: мұнайы бардың шырайы шат

(0 Votes)

Егемендігімізге қол жетіп, етек-жеңімізді жия бастаған кезде ел экономикасы алуан түрлі сатылардан өтті. Жаңа өндіріс ошақтары ашылып, жұмыс орындары көбейді. Алып кенішке инвестиция салынып, бұрын-соңды болмаған озық технологиялар арқылы «қара алтын» өндірілді. Биыл да іргелі істер жарасымды жалғасын тапты.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, бүгінде елімізде 90 млн. тоннаға тарта мұнай шығады.  Енді тәуелсіз Қазақстанымызда шикізат экспорттаумен қатар өңдеу өнеркәсібіне де ден қойылып отыр. Сарапшы бұл саланың даму қарқыны көңіл қуантарлық дейді. Десек те, елімізге әлі де жаңадан кен орындарын ашу қажет.

– Соңғы 10 жылды алсақ, Қазақстандағы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді үш алпауыт кен орнында өнім көлемі өсіп келеді. Ал, басқа 70-80-ге жуық ірілі-ұсақты кен орнында өндіріс ауқымы төмендеген. Ол нені білдіреді? Демек, бізде барлау жұмыстарын арттырып, инвесторларды ынталандыру қажеттілігі туындап тұр. Жаңадан ашылып жатқан кен орындарына да стратегиялық бағдарламалар керек. Олай болмаған жағдайда, нарықта үш алыптың ауқымы 70 пайызға жетіп, ұлғая береді де, қалған кен орындарының көлемі азайып кетеді. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын басқа кен орындарынан 42 млн.тонна мұнай шықса, қазір 28 млн. тонна болды. Бүгінде олардың орнын үш алып «жауып» отырғанымен, алдағы 10 жылдықта 28 млн. тонна шикізат өндірісінің көлемі 10 млн. тоннаға дейін түсуі мүмкін. Сондықтан, экономикамыздың негізгі тірегі саналатын саланы дамыту үшін барлау жұмыстарына айрықша назар аударып, өндіріс көлемін ұлғайтуға ден қойған жөн,-дейді «Energy Analytic» телеграм-каналының авторы Абзал Нарымбетов. 

Импортқа тәуелділіктен қалай арыламыз?

«Интаго Қазақстан» ЖШС-нің полиэфирлі геосинтетикалық материал өндіретін зауыты іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бүгінде 3 млн. шаршы метр өнімін экспорттауға келісім жасап үлгерген баламасы жоқ кәсіпорын ішкі нарықтың қажеттіліктерін де өтемек.

Иә, жол құрылысы кезінде пайдаланылатын тоқыма емес геосинтетикалық материалдар енді өзімізден шығарылады. Арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан кәсіпорын жылына 15 млн. шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. Бұл бастама құрылысшыларды жергілікті тауармен қамтуға жол ашпақ. Әрі отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттырмақ. Осылайша, елдің полиэфирлі материалдар бойынша импортқа тәуелділіктен арылмақ ойы бар.

«Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры Азамат Асылбековтің айтуынша, тәуелсіз мемлекетіміз шамамен 10 млн. шаршы метр тауарды Қытай, Түркия, Ресей сияқты елдерден сатып алып келген. Демек, өнімге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 3 млн. шаршы метр көлемде жаңа зауыт тауарына Ресей тарабымен экспорттық келісім-шарт жасалған. Жалпы, компания шығарылатын өнімнің 40 пайызын экспорттауды жоспарлап отыр. Қалғаны ішкі нарыққа жұмсалмақ. Келесі жылы кәсіпорын қосымша 4 млрд. теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асыруды жоспарлапты. Бұл 160 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпорын Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан нарығына шығуы мүмкін.

– Полиэфирлі геосинтетика материалына Ресейде де, Қазақстанда да сұраныс жоғары. Нарықтағы орны бос деуге де болады. Бұл зауыт соның орнын толтырады деп сенеміз. Оның үстіне, өнім әзірлейтін қондырғылардың да сапалы екеніне көзіміз жетіп отыр. Әлем бойынша сапасы жағынан үшінші орынды иеленген теңдессіз кәсіпорын екенін білеміз. Біз қазірдің өзінде зауыттың төрт ай бойы шығаратын өнімін Ресейге сатып алуға келісімге келіп отырмыз. Өйткені, өнімнің бағасы қолжетімді, сапасы жоғары,-дейді «КНТП-геосинтетикалық материалдар» ЖШҚ байқау кеңесінің төрағасы Михаил Комаров.

Шикізат – өзімізден

Ал, келесі жылы компания шикізатпен өзін-өзі қамтуды жолға қоймақ. Осы мақсатта «Жасыл Даму» бағдарламасы аясында Атырау қаласында штапельді талшық өндіру жобасын іске асыру үшін «Өндірісті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан қаржы тартылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны — 2 млрд. теңге. Онда 61 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл жобаны жүзеге асыру геотекстиль өндірісін дамытып қана қоймай, өңірдің экологиясын жақсартуға да үлес қосады. Себебі, штапельді талшықтың шикізаты ретінде қайта өңделген пластикалық бөтелкелер пайдаланылады. Қазақстандағы штапельді талшық өндіретін алғашқы зауыттың іске қосылуы 2025 жылдың сәуіріне жоспарланып отыр. Осылайша, күнделікті өзіміз қолданып жүрген пластик бөтелкелер қайта өңделетін болады. Яғни, дамыған елдер секілді бізде де пластик жинау «мәдениеті» қалыптасады. Әйтпесе, жүздеген жылдар бойы жерге сіңбей, қоршаған ортаға залал келтіретін «шикізат» түрі біраздан бері «жабулы қазан» күйінде қалып келген еді. 

Жұмысшы мамандарға – мүмкіндік

Қазірдің өзінде зауытта 40 маман еңбек етеді. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасайтын кәсіпорын қызметкерлерінің барлығы – жергілікті мамандар.

– Ең бастысы, өңірде жаңадан жұмыс орындары пайда болады. Біз жаңа технологияға өзіміздің жергілікті жастарды үйретіп, кейін жұмысқа аламыз. Осылайша, қазақ жастары да заманауи технологияларды меңгереді. Біз штапельді талшықты өңдеу үшін Қытайдың ең озық әрі үздік саналатын кәсіпорнынан құрал-жабдық алдық. Біз таңдаған қондырғылар қытайлық нарықта осы саладағы нөмірі бірінші өндіруші болып табылады,-деді зауыт директоры Азамат Асылбеков.

Жобаның бірінші кезеңінде зауыт 40 жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып отыр. Жұмысшылардың дені жастар. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын ескерсек, жаңа зауыттың әу бастан-ақ мемлекет саясатын құптап, қолдауы құптарлық жайт екені айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты компания өңірдегі жұмысшы мамандықтарды әзірлейтін С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжбен екіжақты Меморандум жасақтап үлгерді. Енді білім ордасының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін тәжірибеден өте отырып, «Интаго Қазақстанға» жұмысқа орналаса алады. Қазірдің өзінде колледждің 10-нан астам студенті дуалды білім беру жүйесі бойынша білім алып, тәжірибеден өткен. Оның ішінде алтауы қазір зауыт қызметкері атанып үлгеріпті. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT