Жыл қорытындысы: Облыста білім беру нысандарының құрылысы қарқынды жүруде

(0 Votes)

2024 жыл Атырау облысының білім беру саласында ауқымды құрылыс жұмыстарымен және жаңа нысандардың ашылуымен есте қалды. Жыл бойы аймақтағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар қарқынды жүзеге асырылып, мыңдаған балаға сапалы білім алу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа мектептер ашылды

Биыл облыста бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді. Соның ішінде Ақжар ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, есігін айқара ашты. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Құлсары қаласындағы «Береке» шағынауданында 600 орындық тағы бір мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сарыөзек ауылында 300 орындық және Береке ауылында 1200 орындық заманауи мектептер салынды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушыларға қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын ұсыну. Сонымен қатар 7 білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жыл аяғына дейін Атырау қаласы Водниково ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстары бәсеңдеген жоқ

Қазіргі таңда облыс бойынша 13 мектептің құрылысы жалғасуда. Олардың қатарында Дамба, Бірлік, Еркінқала, Талқайран ауылдары мен Көктем шағынауданындағы 300-900 орындық мектептер бар.

Бұл жобалар аймақтағы мектеп тапшылығын азайтып, оқушыларға білім алуға ыңғайлы жағдай жасауды көздейді.

Балабақша нысандары да басты назарда

Облыста мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту үшін балабақшалар құрылысы жанданып келеді. Биыл Бесікті ауылында 280 орындық заманауи балабақша ашылды. Қазіргі таңда аймақта 5 балабақша салынуда:
• Исатай ауданының Томан ауылында 80 орындық;
• Индер ауданының Аққала ауылында 90 орындық;
• Құрманғазы ауылында 280 орындық;
• Нарын ауылында 80 орындық;
• Талқайран ауылында 280 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар, облыста 20 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Бұл алдағы жылдары өңірдегі балабақша тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігі мен салалық басқармалардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде аймақта білім беру саласы қарқынды дамуда. 2024 жылы білім беру нысандарының құрылысына бағытталған жұмыстардың арқасында өңірде жаңа оқу орындары ашылып, балалар үшін қолайлы жағдай жасалуда.

 

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Сурет: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT