Жылы лебіз, жақсы тілек, орнықты ой...

Шындығына келгенде, туған жердің шежіресін хаттап келе жатқан газет атаулының тойы – көптің қуанышы. 

Сондықтан да болар, «Нарын таңының» 65 жылдық мерейтойына орайластырылған бір шара өткен жұма күні сол көпшіліктің басын қосар бір орын – кітапханада ұйымдастырылып, оған аудандық орталық кітапхана басшылығы мен ұжымы ұйытқы болды.

Бірден айтуымыз керек, ұйымдастырушылардың «Аудан айнасына – 65 жыл» аталынған осынау шараның мән-мазмұнын арттыру мақсатында арнайы тақырыптық көрме шығарып, белесті кезеңдерін баян етуді ойға алғаны, басқа да көрнекіліктерін көріп, ізгі ниеттеріне риза болдық. Мектеп оқушылары мен ұстаздар, газеттің тілші-авторлары, бір сөзбен айтқанда, газет жанашырлары келген, әркімге де «әп, бәрекелді» дегізген, редакция ұжымына төрден орын тигізген бұл жүздесуге аудан әкімінің орынбасары Бейбіт Мырзағалиев та қатысты.

Елбасы саясатын жергілікті жерде насихаттап, тіліміз бен ділімізді өз дәрежесіне көтеруге де дәнекер болып жүрген, өз жарияланымдарымен жұртшылықтың көңілінен шыға білген, заман мен қоғамдағы өзгеріс-терге орай беталыс-бағдары өткенінен өзгеше сипат иеленген мерейгер басылымда ортақ ой бөлісу бағытындағы көкейкесті мәселелерді қозғайтын, өзіндік көзқарасты білдіретін, пікір алуандығын аңдататын жарияланымдар да көбірек көрініс таба бастағаны ерекше леппен айтылған басқосудағы алғашқы сөз кезегін алған Бейбіт Мырзағалиев газет ұжымын, оның оқырмандарын мерейтойларымен құттықтап, ауданның тыныс-тіршілігін тілге тиек етумен көптің көзайымына айнала алған, алғаш «Малшылар үні» атауы-мен шыға бастағаннан-ақ құм мен қыр өңірі айнасы атанып, жылдар белесінде жерлестерінің жылы ілтипатына бөлене ата жасына жеткен басылымға, редакция ұжымы мен тілші-авторларына жарасымды жетістіктер тілек етті. Ол аудан әкімі Марат Мурзиевтың Құттықтау хатын оқып, оны газеттің бас редакторы Аслан Мұратовқа табыстады.

Өз кезегінде сөз алған бас редакторы газеттің бүгінгі күні алға ұстап отырған мақсат-мұраттары төңірегінде ой қозғап, бұл жүздесудің өзара пікір алысу, ұсыныс білдіру, тілек қосу тұрғысында өріс тапқанын қалайтынын жеткізді.

Ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимов газетті өзі хат таныған шағынан сүйіп оқитын болғанын, әлі күтіп отыратынын, аудан айнасында тимуршылар көмегі туралы жазылған алғашқы мақаласын ұзақ жылдар бойына сақтап келгенін әңгімеледі. Басылымның алғашқы редакторы Төлеген Сатқанбаевпен қызметтес болғанына тоқталған ол, басылымда жарық көріп, есінде қалған үш фельетонды да ойға алды. Ардагер аға ауданның 90 жылдығына орай оның төл басылымы бетінде арнайы айдарлар ашып, белгілі еңбек адамдары туралы, басқа да тақырыптарда өнегелік материалдар беру турасындағы ойларымен де бөлісіп, орынды ұсыныс етті.

Өз пікірлерін ортаға салған газеттің Жанбай ауылындағы штаттан тыс тілшісі Мұстажап Аяшев, «Нарын таңының» бұрынғы қызметкерлері - аудандық архив мекемесі басшысы Аяпберген Мұханбетов, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бөлім маманы Жайнарбек Бержановтар да редакция ұжымы мен оның оқырмандарын басылым мерейтойымен құттықтап, алдағы уақытта аудан айнасында сыни материалдар да жарияланып отырса деген ойларымен бөлісті.

Жиында газеттің бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы Аяпберген Салихов пен осы жолдардың авторы да байырғы қызметкерлер ретінде қойылған сауалдарға орай ой өрбітсе, шара қорытындысында сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов пен аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Шынар Махсутова газет ұжымын, оның оқырмандарын мерейлі сәтпен құттықтап, алда да жерлестердің асыға күтіп, іздеп отыратын басылымы бола берсін деген тілектерін жолдады, ескерткіш сыйлықтарын да ұсынды.

Өнерпаздар Аманбек Тарихов, Болат Мағзомов, Әділбек Жұмашевтар әуелеткен әсем әндер де әрлендіре түскен шара аудан айнасының айшықты белесіндегі әсерлі жүздесу ретінде жиналғандардың жадында қалғандай.

Әлия ФАЗЫЛОВА, аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Газетпен бірге редакция ұжымы да 65-ке толды деп есептеймін, құтты болсын! Газетті біздер, біздің ізімізді басып келе жатқандар көбірек қарайтын сияқты.

Ардагерлер туралы айтылуы, жазылуы керек. Неге біз өз ауданымыз бойынша 100 есімді жарияламаймыз, сөйтіп оларды өзге де жерлестерімізге үлгі-өнеге етпейміз? Сонымен бірге газетте «Балауса» деген атаумен бет ашылса, балалар үшін жақсы тәрбие көзінің бірі болар еді деп ойлаймын. Осы тәрбие мәселесінде әйелдер жағы басым, ерлер аз. Ұл балалар тәрбиесіне қатыс-ты азаматтарымыздың үлгілі ісі, өз ой-пікірі жөнінде газет жиі жазып тұрса деген ұсынысым бар.

Алмас АМАНБАЕВ, аудандық мәслихаттың депутаты:

- Газеттің 65 жылдық тойы – аудан үшін де мерей, ортақ қуаныш құтты болсын дейміз. Барлық ақпаратты осы аудан айнасынан аламыз. «Жас келсе, іске», газеттің жаңадан тағайындалған бас редакторына сәттілік тілейміз.

Менің айтпағым, газетте айына, тоқсанына бір рет болса да діни ағымдарды ажыратып айтып, көрсететін, діни сауаттылық жайын қозғайтын мақалалар беріліп тұрса екен. Бұрын бала намаз оқыса қуанатынбыз, қазір қорқатын болдық. Ауданда көптеген жұмыстар жасалынып жатыр, соның ішінде түрлі қамқорлық бағытында да. Мәселен, тек Тұщықұдықтың өзінде 164 мүгедек бар екен, оларға түсініктер, мүмкіндігінше көмектер жасалынуда. Жалпы, сондай жұмыстар болашақта жарияға беріліп тұрса деген тілегіміз бар.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Суретін түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521