Зілдей сөмке арқалаған оқушылар

Жаңа оқу жылының басталғанына да бір айдай уақыт болып қалды. Әсіресе таңертең немесе түс қайта оқушылар мектепке қарай құстай ұшып, асығып бара жатады. Бәрінің арқасында зілдей ауыр сөмке.

Осы жерде айту керек, қазір қоғамда осы тақырып ең өзекті мәселеге айналып отыр. Бірақ білім және ғылым министрлігіндегілер бұл мәселеге онша мән беріп отырмаған сыңайлы. Себебі, елімізде соңғы кездері бойлары қортықтау оқушылар көбейіп барады. Әрине, осыдан кейін іші қалың дәптер мен кітапқа толы сөмке көтерген бүлдіршіндердің бойы қайдан өсе қойсын деген ой қылаң береді.

Дәрігерлер бастауыш сынып оқушыларының күнделікті мектепке ауыр сөмке тасуы тек бойын тежеуден бөлек, қимыл-қозғалыс жүйесі мен омыртқасын зақымдайтынын алға тартады. Ауыр сөмкені еңсеріп жүру үшін балаға еңкейіп жүруге тура келеді. Одан баланың жүрек қан –тамырларының қызметі бұзылып, көру қабілеті төмендейді. Одан бөлек, үнемі бас айналуы, жүрек айнуы, арқа мен аяқ аурулары көбейе бастайды.

Ата-ана бұған көп мән бере бермеуі де мүмкін. Мәселен, өзге елдерде мектеп сөмкесінің салмағы барлық оқулық пен оқуға қажет құрал-жабдықтарды қоса есептегенде, бала салмағынан аспайды. Ал, бізде керісінше, төрт-бес килоға дейін барады-ау деймін, әйтеуір, біз көрген оқушылар еңкеңдеп, сөмкесін көтере алмай, белі қайысып, ақ тер, көк тер болып, мықшыңдап мектепке қарай әрең кетіп бара жатады. Бұл біздің күнде көріп жүрген көрінісіміз. Әсіресе, жаңартылған білім бағдарламасы биылғы жылы мектеп сөмкесін тіптен ауырлатып жіберді десек қателеспеген болар едік. Біздің ойымызша, мектепте әр оқушының жеке-жеке шкафтары болу керек тәрізді. Бұл туралы пікірді ата-аналар да бірауыздан қолдайды. Оқушылардың зілдей сөмкені арқалап жүруі- баланың денсаулығы үшін зиянды екенін жоғары да айттық. Мүмкін, осы әңгімеден кейін билік, мектеп ұжымдары, дәрігер ма­мандар, ата-аналар, депутаттар бір шешімге келер деген ойдамыз. Қалай болғанда да, бұл маңызды мәселе жоғарыдағыларды толғандыруы тиіс секілді көрінеді бізге.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521