Атырау облысы педагог қызметкерлерінің бүгін өткізілген жаңа оқу жылы қарсаңындағы «Облыс педагогтарының форумы - 2021» салтанатты жиынының шырайлы сәттері аз болған жоқ.
Өткенді саралай, ертеңді сабақтай отырып, білім беру ісінің жай-жапсары жан-жақты әңгіме болған, сәттілік тілескен басқосуда аталған салада ұзақ жылдар бойына қажырлылықпен қызмет қылып, өз еңбегімен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүргендердің мерейі де үстеді. Сондай шырайлы сәттерге себепшілер санатында Исатай ауданынан да бір топ үздіктер болғанын атап өтсек лазым.
Сөйтіп, өзінің де мерейі үстеп, ауданның да абыройын асырған Новобогат орта мектебінің отыз бес жыл еңбек өтілі бар тарих және құқық пәндері мұғалімі Қалеш Хамзин «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, облыстық білім беру басқармасы Исатай ауданы білім бөлімінің отыз төрт жыл еңбек өтілі бар сектор меңгерушісі Сағираш Беркалиева мен Ш.Шәріпов атындағы аудандық балалар саз мектебінің отыз жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты домбыра сыныбы мұғалімі Зоя Насиханова «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді.
Облыс ұстаздарының жаңа оқу жылындағы бұл басты жиынына қатысқан аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың өз қолынан осындай марапат алған жерлестерімізге алда да жемісті еңбек тілек етеміз.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР.