Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов ауданымыздың мұнай-газ кешені қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Құрметті ауданымыздың мұнай-газ саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері мұнай-газ саласына тікелей байланысты. Ауданымыздың негізгі өндірісі де осы бағыт. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қара алтынды өндіру деңгейі үздіксіз жүзеге асып келеді. Ел мүддесі үшін атқарып жатырған қызметтеріңізге зор алғыс білдіремін.
Мұнай-газ өндірісінің көлемінің артуымен аудан экономикасы жылдан жылға көтеріліп, әлеуметтік нысандар саны көбеюде. Ауданымыздың ауылдары мен елді мекендеріне көгілдір отын жеткізілді. Биылғы жылы Жасқайрат пен Қызыл үй елді мекеніне газ желісін тарту жұмыстары басталуда.
Құрметті мұнайшылар!
Сіздердің жұмыстарыңыздың қиындығы мен маңыздылығы бәрімізге белгілі. Сондықтан жұмыстарыңызға толағай табыс, мықты денсаулық тілеймін! Біліктіліктеріңіз бен білімдеріңізді жоғары деңгейде көрсете беріңіздер.
Отбасыларыңызға амандық, әр күндеріңізге жақсылық тілеймін. Ырысы мен ынтымағы жарасқан еліміздің бірлігі мен берекесі арта берсін. Мереке құтты болсын!» деп жазды аудан әкімі.