Аймақ басшысы өз құттықтауын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Құрметті ағайын!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мемлекетіміз тарихының ең бір жарқын кезеңі болды.
Халқымыздың ерлік пен елдік дәстүріне адал, заманауи кез келген бәсекеге қабілетті, жауынгерлік дайындығы сай, әлеуеті мықты Қарулы Күштеріміз қалыптасып келеді.
Отан қорғаушылар мерекесінің Ұлы Жеңіс күні қарсаңында келуі бекер емес. Бұл аға буын мен бүгін сап түзеп тұрған жауынгерлердің, егемен еліміз қорғаушыларының арасындағы мызғымас сабақтастықты паш етеді.
Әр шаңырақ ата-бабамыздың жанқиярлық ерлігін ешқашан ұмытпайды, ақ жаулықты аналарымыздың ерен еңбегін бойтұмардай қастерлейді, еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығы күзетіндегі жауынгерлерін мақтан тұтады.
Отан қорғаушылар әрқашан ар-намыс пен әділеттіліктің эталоны, болашақ ұрпақ үшін үлгі болуға тиіс. Айбынды Армиямыз құрамында мыңдаған жастарымыз азаматтық борышын өтеп жатыр, еліміздің Қарулы Күштері біздің жас жерлес-атыраулықтар үшін нағыз ерлік пен патриотизм мектебі іспетті. Жаңа Қазақстанның әскери әлеуетін арттыру мен жауынгерлік жоғары әзірлік жолында әркез алдыңғы шептен табыларына шүбәсіз сенеміз.
Төбемізде дәйім күн күліп тұрсын, бейбіт өмір мен ұдайы жауынгерлік дайындық табысты болсын деп тілеймін!» дейді Серік Шәпкенов парақшасында.