Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді елдік пен ерліктің, қайсарлық пен батырлықтың қос мерекесі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекелер батыр бабамыздың рухын асқақтатып, Отан қорғаушыларымыздың абыройын арттыратын күн.
Тәуелсіздігіміздің мызғымас берік қорғаны болған Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына биыл – 30 жыл. Осынау отыз жыл ішінде еліміз шекарасын шегендеп, айбынды әскерін жасақтап, Қарулы күштерін күшейтті. Елдің тыныштығы, адамдардың алаңсыз ұйқысы Қарулы күштердің қуатына тікелей байланысты.
Сонау ХХ ғасырдың ең алапат сұрапыл соғысына айналған ІІ дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы талай жанның өмірін жалмады. Сол соғысқа Отан алдындағы борышын өтеуге ауданымыздан 4 мыңнан астам жауынгер майданға аттанып, оның 2 мыңға жуығы елге оралды. Өкініштісі, сол ардагерлеріміздің ешбірі арамызда қалмағаны. Сол кездегі ерен еңбектің үлгісі болған тыл ардагерлері де жыл сайын азайып барады.
Қадірменді тыл ардагерлері, майдангер ұрпақтары!
Ұлы Отан соғысы кезіндегі батыр бабаларымыздың ерлігін бүгінгі ұрпақ мәңгі жадында сақтайды. Бүгінгі бейбіт өмірімізді сыйлап кеткен қаһармандарымызға деген құрмет мәңгі өшпейді.
Құрметті Отан қорғаушылар!
Сіздер өздеріңіздің Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын күзетіп жүрсіздер. Сіздердің арқаларыңызда әр тұрғын алаңсыз өмір кешіп, жас ұрпақ уайымсыз өсуде.
Бейбітшілік пен келісімнің ортасына айналған Тәуелсіз Қазақ елі қарыштап дамып, ел іргесі берік болып, айбынды әскеріміздің қуаты арта берсін! Қасиетті де қастерлі қос мереке қарсаңында аудан тұрғындарының шаңырағына шаттық, отбасына береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Полымбет ХАСАНОВ,
Исатай ауданының әкімі