«СІЗДІҢ ҮЙДЕ ОТЫРМЫН ҒОЙ»
Зейнеткерлік демалысқа өндірістен шыққанымен, негізінен ауданның мәдени саласында айтарлықтай қолтаңбасы қалған өнер жанашыры Мирас Қибашев ағамыз бір кездерде аудандық мәдениет бөлімін басқарды.
Сол қызметтің құлағын ұстап отырған күндерінің бірінде ол бір шаруамен үйіне телефон шалса керек. Бірақ жұмыста басқа мәселелер де қабаттасып кетіп, ойы онға бөлініп отырғасын ба, қапелімде бір-екі санды шатысып тереді. Арғы жағынан трубканы көтерген аудандық әкімшіліктің аппарат жетекшісі Ғатиет Тастанбеков ағасы екенін даусынан танып қалған Мирақаң:
- Кешіріңіз, кешіріңіз Ғатеке, сіздің үйге түсіп кеттім бе?-дейді сасқалақтап. Сонда оның өз үйіне қоңыраулатамын деп шатысқанын сезе қалған әрі әзілдесетін де реті бар сөзге жүйрік Ғатекең:
- Мирас, мен сіздің үйде отырмын ғой,-деп әбден састырыпты.
ЖАҢА КӨЛІК АЛУ
«Жайықмұнайгаз» басқармасында біраз жыл қызмет қылғаннан кейін жинаған қаржысына жеңіл автокөлік алып мінгісі келген Жайдарбек Зайдуллин ағамыз оның қандай түрін аларын білмей дал болса керек. Қызметтес жігіттер «ананы алыңыз», «мынаны алыңыз» деп тегін кеңестерін аямағанымен, өзінің машинаны олақтау жүргізетінін іштей мойындап жүретін Жәкең:
- Жігіттер, маған жолда жатқан ракуша тастың үстімен өтіп кеткенде блогы тимейтіні керек,-деп бір-ақ кеседі.
Сөйтіп ол соңғы шыққан, асты биік, салоны да кеңдеу «Нива» автокөлігін мініпті.
ҚАРТ АДАМНЫҢ СӘНІ
Үлкеннің амандық-саулығын біліп жүру жасқа міндет екенін жақсы түсінетін бір ағамыз өзі танитын ақсақалға амандаса барса керек.
- Денсаулығыңыз қалай, көке, жөтеліп отырсыз ғой,-дейді ол амандық-саулықтан соң іле-шала.
- Ой, шырағым-ай, ыңқыл-сыңқыл дегенің қарт адамның сәні ғой,-депті жөтеліп болған ақсақал.
ЖЫЛЫЛЫҚ
«1999 жылдың сәуір айы болатын» дейді айтушылар. Бұл аудандық жұмыспен қамту орталығы мекемесі тарап, аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөліміне қосылып жатқан кезі екен. Орталық тарағасын жұмыссыз қалған оның директоры Тұрарбек Сұлтанбековтің де қызметі әлі шешіле қоймаған еді. Сол күні ауа райы да жайма-шуақтанып, бастары қосыла қалған біраз жігіт сыртқы есік алдында оны-мұны айтып тұрыңқырап қалады. Орталарындағы Тұрекең ойында ештеңе жоқ:
- Бүгін кабинеттен сырт жылы-ау деймін жігіттер,-десе керек.
Сонда сол уақытта аудандық салық комитетінің төрағасы болып қызмет ететін Қазым Шахаев (марқұм):
- Иә, кабинетсіз қалған, кеңсесі жоқ адамға солай ғой,-деп тұрғандарды күлкіге қарық қылыпты.
АЙНЫМАУ
Біздің ауылдастардың арасында да әскерден келгеннен кейін оның қызық-шыжығын келістіріп айтатындары аз болмайтын. Солардың бірі айтыпты дейтін бір әңгіме есіме түссе әлі езуім жиылмайды. Ол былай баяндалатын.
Бірде әлгіауылдасымыз қызмет етіп жатқан құрамадағы генералдың зайыбы жеңілденіп, жанындағы адьютантын әйелі мен нәрестесінің халін біліп келуге перзентханаға жұмсаса керек.
- Иә, қалай екен?- депті тынымсыздана хабар тосып отырған генерал адьютанты есіктен енген бойда.
- Жолдас генерал, сәбиіңіз тура өзіңізге тартқан, аузыңыздан түскендей, аумауды-ау аумайды,-депті хабаршы. –Қарны шәртиген, басында бір тал шашы жоқ. Өзі жарытып ештеңе түсінбейді, бақыра бергеннен басқаны білмейді.
БІР АЯҚ
Нарынның Бегайдар ауылында туылған, соңында тауып айтқан біраз сөздері қалған майдангер Қабиден Әбуталиев марқұм соғысқа бір аяғын беріп келгендердің бірі еді.
Бірінде сол Қабекеңе өзі жақсы көріп, жақын тартатын бір жиені амандаса келіп, екі-үш күн нағашысының төрінде аунап-қунап жатыпты. Оның да тамақты аз ішетіні, ішімдікке «апитеті», қақпай сөздері, тіпті, бұйралау шашына дейін нағашысынан аумайды екен. Жиені кетерінде шығарып салып тұрған Қабекең:
- Апыр-ай, бір аяғыңды кесіп тастаса тура мен болып шыға келейін деп тұр екенсің,-депті риза көңілмен.
«ҚҰРДАСЫМ ТОЛЫП ТҰР МА?»
Жақсы адамның кімге жаттығы болыпты. Сөзі мен жайсаң мінезін сыйлайтын ауылдас інілері бас қоса қалса Қабиден ағамызды да қалдырмайды екен. Бірде әйелі:
- Баламен де, шағамен де іше бересің,-деп ренжиді оған.
- Сен де қызықсың-ау, кемпір, Бірігіп арақ ішетін менің құрдасым толып тұр ма, көбі соғыста жоқ болды ғой,-деп құтылған екен сонда Қабекең жарықтық.
РЕНЖІТПЕУ
Хамит Ерғалиев ауылында өзінің сөзге тапқырлығымен әрі серілігімен ауылдастарының аузында жүретін Мәтжан Наурызов деген азамат болыпты. Алпыс жасқа толар шағында кенеттен дүниеден озып жүре берген сол ағамыз орда бұзар жасқа келгенінше үйленбей, серілікпен жүріп қалғанға ұқсайды. Жеңгелері:
- Шырақ, жасың болса отыздан асып кетті. Көрік десе көрік, тіл десе тілің бар. Осылай салқамсоқтанып жүре бересің бе, қашан үйленесің?-депті бір жолы. Сонда Мәкең:
- Мен біреуге үйленсем, басқалары бізге үйленбегені несі екен деп ренжімей ме? Ешкімді де ренжітіп, көңіліне қаяу салғым келмейді,-деп сылтауратқан көрінеді.
ҚАҺАРМАНДЫҚ
Нағашысы Дауылбаевтар әулетінде сүндет той өтіп, соңында карта ойынынан да қолы шыққан жиені Талғат Тастанбеков әбден қайтар уақыт келгенде үй иелеріне қарата:
- Жиенді сүндетке отырғыздық, картадан ақшаларыңды ұттық, енді іс насырға шаппай тұрғанда, қадырымыз барда, қаһармандықпен үйге қайтқанымыз жөн болар,-деп тұрып кетіпті.
Сонда Сүндет ағамыз өзінен бастап балалары Насыр, Қадыр, Қаһарманды сөзбен іліп өткен жиеніне «Бар бол, бар бол!» дей берген екен.
АУА РАЙЫ
Осыдан біраз жылдар бұрынғы қыстың бір жайсыздау күні болса керек. Аққыстау ауылындағы бір шаңырақта өтіп жатқан қонақтыққа шақырылғандардың арасынан Таупих Маштахов (марқұм) сәл кешігіп келгенге ұқсайды.
- Жігіттер, күн бұзылып тұр, соңы боранға ұласатын сыңайы бар-ау,-дейді сырттан тоңып-шашырап кірген ол дауысын соза түсіп. Сонда қонақтардың ортасында отырған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Талғат Тастанбеков:
- Ауданның әкімі Дауылбаев болса, ауылдың әкімі Боранбаев болса, ауа райынан не күтуге болады, жігіттер,-деп жиналғандарды ду күлдіріпті. Айтса-айтқандай, сол кезде ауданды Насыр Дауылбаев, оның орталығы Аққыстау ауылын Ғаділ Боранбаев сынды азаматтар басқарып тұрған-ды.
ШӨП ТИЕУ
Кезінде Исатай ауданының білім саласында тер төгіп, соңынан аудандық ардагерлер кеңесіне де жетекшілік еткен еңбек ардагері Нұреден Есмағанбетовтың (марқұм) де артында тауып айтқан талай сөздері қалды.
Институттың бірінші курсында оқып жүргенінде демалысқа келген сол Нұрекең әкесі Әбішемен бірге үйдегі бірер малға шөп әкелуге барады. Машина қорабына шөп тиеймін деп аз-мұз тер шығарған Нұрекең:
- Папа, осы да жарамай ма? Үйге барғасын да түсіретін екеуміз ғой,-деген екен.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Атырау облысы,
Исатай ауданы.