Онлайн ғашықтық ғұмырлы бола ма?

Үлкеннің де, кішінің де әлегі болған әлеуметтік желілер қазіргі жастардың танысатын, табысатын әлеміне айналып келе жатыр.

Жан сырын тыңдап, жастарды табыстыруға тырысатын бұрынғы жеңгенің орнын желілер жаулағандай.

Өмірде бір рет те көрмеген, кім екенін білмейтін адамға қашықтан ғашық болу ақылға сыйымсыз көрінгенімен, кейбіреулерге қалыпты нәрсе.

Суретіне қарап тамсанып, лүпілдеткен лайктер - танысудың бастамасы. Көз көрмей, құлақ естімей бір-бірімен сыпайы, сұлу сөздермен сөйлескен таныс та бейтаныстар. Жанға жағар жылы лебіздердің соңы арада сезім отын оятып, онлайн кездесетін ғаламтордағы ғашықтарға айналғанын өздері де байқамай қалады.

Бетпе-бет келіп, тілдеспеген, шынайы жүзін көрмеген адамның өмірде қандай екенін білгісі келмейтіндер де жетерлік. Біреу үшін бұлай ғашық болу жай ғана уақыт өткізу, ермек болуы мүмкін. Араларында ниеті теріс алаяқтардың да, отбасылы екенін жасырып, сырттай сөзбен басқаны сүйгендердің отыруы да ғажап емес. Жан жарасы бар жаралылардың өзін жұбату жолы болар. Иә болмаса, өздерін ортада еркін ұстап, ойын ашық айта алмайтын тұйық жандардың танысуға қолайлы жанына жақын тәсілі шығар. Қалай болғанда да алыстағының ойын анықтау қиын.

Бірақ жолығып, толық таныған кезде ойдағы жасап алған образ шынайы кейіпкерге ұқсамаса сөзбен сыйланған сезімдер суымай ма? Өзін-өзі алдағандай болып қиналмасына кім кепіл. Ары қарай үйлесіп, үйленіп жатса, ғаламтордағы таныстық ғұмырлы ғашықтыққа ұласса несі жаман. Адамның өз сүйгенін қайдан, қалай жолықтырғаны маңызды емес. Бастысы іздегенін адаспай тауып, үлгілі, үбірлі-шүбірлі жанұя болып, бақытты өмір кешу ғой.

Гүлдана Хайрушева,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 1-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT