Белгілі параспортшыны қиындықтан не құтқарды?

«Исатай» қазақ күресі федерациясы және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен, аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен «Ұлттық ойын – болашақтың мұрасы» атты ұранмен білім ошақтары арасында дәстүрлі аудандық ұлттық ойындар фестивалі өткен болатын.

Шараның құрметті қонағы белгілі параспортшы, суға жүзуден әлем кубогінің төрт дүркін жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ІІІ Азия параойындарының жеңімпазы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезең жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Сәлімгереев жарыстың ашылу салтанатынан соң оқушылармен ашық әңгімелесіп, сыр бөлісті. Спорттың өміріне үлкен өзгеріс алып келгендігін атап өткен ол осындай дәрежеге көтеріп, елінің абыройын арттыруға үлес қосуды нәсіп еткен Ұлы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар айтты.

Оқушылардың бірі: «Балалық шағыңызда қиындыққа тап болған кезде ең бірінші қолтығыңыздан демеп, сүйеу болған, қасыңыздан табылып, қолдау білдірген адамдарды атай аласыз ба?» десе, енді бірі параспортшының су спортына қалай келгендігін білгісі келіпті. Ата-анадан асқан қамқоршы болмайтынын айтқан чемпион Жайық бойында өсуі су спортын таңдауына тікелей әсер еткенін атады.

«Басқа түскен қиыншылықты қалай жеңуге болады?», «Арманға жету үшін не істейміз?» деген сынды сауалдарға берілген жауап та көпке ерекше әсер қалдырды. - Менің басыма түскен қиын кезеңдерде өмірге деген көзқарасымды түзеген бірден-бір нәрсе асыл дініміз Ислам еді. Өйткені, діннен алыстау кездерде көкейімде көңілімді құлазытатын, жауабы жоқ сұрақтар өте көп болушы еді. «Ендігі тағдырым қалай болмақ?», «Менің болашағым қандай?» деген сұрақтардың жауабын Ұлы Алла Тағала хабар берген аяттар мен сүйікті Пайғамбарымыздың хадистерінен жеткен өсиеттерден таптым. Ондағы ақиқи хабарлар менің де өмірде өз еншім бар екендігін санама сіңірді. Сондықтан, басқа түскен қиыншылықты жеңудің бір жолы Алланың әміріне бойұсыну дер едім.

Осылай деген параспортшы сондай-ақ, басына сәл қиындық туса, көздеген мақсатын жолда қалдыратын жастар жайын да да ой қозғады.

Кездесуді қорытындылаған жарысты ұйымдастырушы «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабеков алдымен кездесудің мақсатын атап өтті. – Ержан бауырымыз - басына түскен тағдыр тауқыметіне қарамастан, өмірге деген ынта-жігері мен мықтылығы себепті өз биігін бағындырған, еліміздің көк байрағын талай әлемдік ареналарда желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатқан азамат. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, ел намысын арқалап жүрген ағаларыңның бұл ерлігі баршаңызға үлкен сабақ болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл басқосуды ұйымдастырғандағы мақсатымыз, бүгінгі таңда барлық жағдай жасалып отырған мына сіздердің де еліміздің атын шығаратын үлкен спортшы болуларыңызға мүмкіндіктеріңіздің зор екендігін ұқтыру еді. Ол үшін Ержан ағаларыңыз секілді алға үлкен мақсат қойып, ерінбей тер төгулеріңіз қажет, - деген клуб директоры шараға уақыт бөліп келген параспортшыға алдағы Токио параолимпиадасында еліміздің Көк Туын көкте желбіретуін тілек қылды.

Одан соң жарыс жалғасын тапты. Спорттық ойындардың 11 түрінен болған сайыс қорытындысында Абай атындағы орта мектеп командасы бірінші, Өркен орта мектебі екінші, Х.Наубетов атындағы орта мектеп үшінші орындарды иеленді. Жалпы командалық есепте жеңіске жеткен мектеп бағалы сыйлықтармен жарыс жеңімпаздары ақшалай 30 мың теңге сертификатымен марапатталды.

Айта кетейік, жарысқа Исатай, Нарын, Абай, Аққыстау, Өркен, Ж.Мырзағалиев, Ю.Гагарин, Х.Наубетов атындағы орта мектептерден 140-қа жуық оқушы ұлттық ойынның 11 түрінен бақ сынасты. Жарыстың құрметті қонақтарының қатарында самбо, дзюдо күресінен Халықаралық дәрежедгі спорт шебері, әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Аманбай Қыздарбайұлы да болды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы жарыстың құрметті қонағы Ержан Сәлімгереевке аудан әкімінің алғыс хатын және естелік сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының атынан Х.Наубетов атындағы орта мектептің оқушысы Аяжан Қабдоловаға естелік сыйлыққа планшет табысталды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521