Алты боксшымыз жеңіске жетті

Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Жастар жылы аясында аудандық спорт мектебі мен жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен бокстан кіші жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті.

Жарысты "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы сөз сөйлеп ашты. Одан соң сөз алып, балғын боксшыларға сәттілік тілеген аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов соңғы кездері үлкен додаларда шынығып, ауданымыздың атын шығара бастаған қос жас былғары қолғап шеберіміз Айдынғали Мұхамедали мен Алмас Хинекинге бокстан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» куәлігін табыстады.

Облысымыздың аудандарынан және Атырау қаласынан 200-ден астам жас боксшы шаршы алаңда өз шеберліктерін көрсетіп, сайысқа түсті. Ауданымыздан Аслан Меңдіғалиев, НұржанТілекқабылов, Аманғали Өтегенов сынды жаттықтырушылар баптаған 30-дан астам жас боксшы намысты қолдан бермей, жеңімпаз және жүлдегер атанды. Олардың ішінде 28 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Расул Зинурұлы, 26 келіде жұдырықтасқан Шаяхмет Нұрбергей, 28 келі салмақта сынға түскен Ғаллам Ернар, 36 келіде Ернұр Қуандықұлы қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 38 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айдынғали Мұхамбетали мен 50 келіде көш бастаған Бисембай Дастан да чемпион атанып, жеңіс көшін жалғады.

Жарысқа арнайы келіп тамашалап, алған әсерімен бөліскен ата-аналар қатарында облысымыздың маңдайалды айтыскер ақыны Саадат Нұрманов та бар.

«Біздің үйдің үш баласы бұл турнирде жеңімпаз болды. Екеуі чемпион, біреуі күміс жүлдегер. Үлкен ұлым Айдынғали Мұxамедәли 13 жасында Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер атағына қол жеткізді. Алла Тағала Мен Қазақпын деген руxтыларға салиқалы, салмақты ұрпақ сыйласын. Ұлдарымның жаттықтырушылары Нұржан, Аманғали, Аслан бауырларыма бек раxмет! Ринат Басаров бауырым бас төреші болған жарыс жоғары деңгейде өтті. Осы турнирді ұйымдастырған Б.Оралбеков, Б.Сабиев сынды азаматтар басқаратын Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұжымына мың алғыс! Аудан боксының негізін қалаған Асылбек Шүйінішқалиевке де разымыз» дейді әлеуметтік желі арқылы ризашылығын білдірген айтыскер ақын.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521