Аққыстауда алғаш өткен фестиваль Жастар жылына арналды

Жақында ғана «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы жанынан ашылған каратэ, таэквондо секілді жекпе-жек түрлері жасөспірімдер арасында үлкен қызығушылыққа ие. Құрылғанына көп болмағанына қарамастан, спорттың бұл түрінен шәкірттер облыс чемпионаты мен деңгейлі турнирлерде олжа салып та үлгерді.

Сенбі күні аудандық спорт кешенінде Жастар жылы құрметіне орайластырылып, аталған жекпе-жек түрлерін ауданда насихаттап, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен дзюдо, каратэ, таэквондо секілді шығыс жекпе-жек түрлерінен тұңғыш облыстық фестиваль өтті.

Фестивальға аудандар мен облыс орталығынан барлығы 240 жас спортшы қатысты. Алғаш рет өтіп отырған шараға елімізге танымал спорт саңлақтары шақырылды. Олардың ішінде алты бірдей Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы, облыстық каратэ-до федерациясының аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сансызбай Торғаев, таэквондо федерациясының президенті Руслан Шарипов Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, ел мақтанышы Арман Шылманов бар.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі М.Мурзиев алдымен қонақтар мен спорт жанкүйерлерін ауданда өтіп жатқан спорт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, ауданымыздан шығып, өңіріміздің атын алысқа танытып жүрген азаматтардың артынан кейінгі буынның да өкшелеп өсіп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Солардың ішінде самбодан ел біріншілігінің жеңімпазы атанып, алдағы уақытта әлем, азия чемпионаттарына жолдама алып қойған Абылайхан Мейрамбекұлы мен кішкентай палуанымыз, Польша еліндегі халықаралық турнирде жүлдегер атанған Інжу Жұмажанның есімін атап, оларға спорт жанашырлары Абат Бақтығалиұлы мен Рахметолла Таңатұлының демеушілігімен алынған музыкалық орталық пен планшет табыстады.

Толығырақ газетімізден оқи аласыздар

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521