Аққыстаулық қыздар командасы суперкубок бәсекесінде бақ сынайды

Облыстық «Атырау барыстары» кәсіпқой баскетбол клубы мен «Атырау барыстары» академиясы және іскер корпорациясының қолдауымен 2018-2019 жылғы оқу жылына арналған 2006-2008 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында jr.NBA ISKER League лигасы Қазақстанның 6 қаласында өтіп, облыстық кезеңді тамамдады.

Атырау қаласында өткен лиганың ереже шартына сай командалардың кездесуі жеребе арқылы анықталған болатын. Бұл додада сынға түскен Исатай БЖСМ спортшылары, Аққыстау орта мектебінің ұлдар командасы 9-орынмен өз тобынан плей-оффқа өте алмай қалды. Ал, қыздарымыз өз тобынан бірінші орынмен шығып, ширек финалда Индер ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен келген «Бостон Селтикс» командасын 25:6 есебімен ойсырата ұтып, жартылай финалда құрманғазылық Б.Биғалиев атындағы орта мектеп командасы «Милуоки Бакс» құрамасын 26:37 есебімен жолда қалдырды.

Ақтық сын да қыздарымызға қиынға соқпады, тіпті үлкен додада емес, өздерін құдды күнделікті жаттығуда жүргендей сезінген олар Қ.Сәтбаев атындағы №19 мектеп гимназиясы қыздарын 12:53 есебімен бет қаратпай жеңді. Енді қыздарымыз Алматы қаласында өтетін Суперкубок бәсекесіне жолдама алды. Маусымның үздік ойыншылары аталымына Аққыстау орта мектебінің оқушылары Х.Меңдібайқызы мен Аружан Мерекеқызы лайық деп танылды. Команда бапкерлері – А.Құрманғалиев, А.Қуанышев, Э.Тағатов. Жерлестеріміздің ендігі сыннан да жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521