Ақ Олимпиада аяқталды қоржынымызда бір қола

16 күнге созылған ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары да аяқталды.

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен додада Қазақстан құрамасы бір қола жүлдемен жалпы есепте жүлде иеленген елдер қатарында 28-орыннан көрінді.

Ақ Олимпиаданың жабылу салтанатына Қазақстан құрамасы да қатысты. Сондай-ақ шаңғы спортынан ерлер мен әйелдер арасында марафон жарысының жүлдегерлері медаль және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Келесі төртжылдықтың басты додасы 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өтеді. Айта кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарына 92 елден 2922 спортшы қатысты. 15 спорттық сайыс түрінен 102 медаль жиынтығын сарапқа салды. Жалпыкомандалық есепте 14 алтын 14 күміс 11 қола медаль еншілеген Норвегия құрамасы бірінші орын алды. Екінші орынға Германия құрамасы (14 алтын 10 күміс 7 қола) ие болса, үздік үштікті Канада құрамасы (11 алтын 8 күміс 10 қола) түйіндеді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОТШЫЛАР ҚАНША СЫЙАҚЫ АЛАДЫ?

Еліміз бойынша Олимпиаданың аяқталуында мемлекеттік сыйақыға үміткер спортшылардың тізімі белгілі болды деп хабарлады ҚазАқпарат. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысы бойынша, Олимпиадаға қатысып, кем дегенде 6-орынды иеленген спортшылар сыйақы ала алады екен.

Осыған байланысты биыл бұл тізімге Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері, фристайлшы Юлия Галышева мен 6-орынды қанжығалаған шорт-тректен өнер көрсеткен ерлер эстафета командасы ілінеді.

Үкімет қаулысына сәйкес есептегенде Юлия Галышеваға бөлінетін мемлекеттік сыйақы 75 мың долларды құрайды.

Ал шорт-тректен ерлер эстафета командасына, соның ішінде Абзал Әжғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұхановқа жалпы 20 мың доллар беріледі.

Одан бөлек, спортшылардың бапкерлері де сыйақы алады. Галышеваның медалі үшін бапкерлерге берілетін 75 мың доллардың 10%-ы бірінші бапкеріне, 80%-ы жеке бапкеріне, 10%-ы осы спорт түрі бойынша ҚР құрама командасының бас бапкеріне беріледі. Ал шорт-трекшілердің үш бапкеріне жалпы 15 мың доллар беріледі.

Қорыта келгенде биыл Қазақстан қысқы Олимпиада ойыншылары мен бапкерлеріне 185 мың доллар сыйақы береді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521