Аққыстау ақтық сынға өте алмады. Исатай мен Жанбай - финалда

Футболдан аудан біріншілігінің жартылай финалы өте тартысты өтті.

Өз тобынан шыққан қай команданы да осал дей алмайсыз. Әсіресе, ойынның алғашқы күнінен бастап-ақ қарсыластарын шемішкедей шаққан Зинеден құрамасының қарқыны біраз команданы қаймықтырды десек қателеспейміз.

Тіпті, алыс ауылдан ат терлетіп келіп, алаңда аттай жүгірген бұл жігіттерді осы жарыстың жеңімпазына балап қойғандар да кездесті. Бірақ, олай болмай шықты.

Сәрсенбі күні жартылай финалда кездескен Аққыстау – Исатай, Жанбай – Зинеден командалары ақтық сынға берілер жолдаманы сарапқа салды. Жарыс фавориттерінің бірегейі саналатын аққыстаулықтар ойынның жарты бөлігін Исатай командасының жартылай алаңында өткізгенімен, қарсыластың осал тұсын таба алмады. Екі тайм бойына бір-бірден гол соққан қос команда жарыс тағдырын қосымша таймда шешті. Қарымта шабуылдардың бірінде қорғаушылардан оңай сытылған исатайлық шабуылшы алаң иелерінің қақпасынан саңылау тауып, командасын ақтық сынға алып шықты.

Жанбай-Зинеден арасындағы тартыс та ұзаққа созылды. Ойынның негізгі, қосымша уақыттарында да жеңімпазды анықтай алмаған қос мықты матч соңындағы пенальтиге жүгінді. Алғашқы добынан мүлт кеткен Зинеден командасының бұл қателігін кешірмеген Жанбай құрамасы 5:4 есебімен ақтық сынға өтті.

Жалпы ойын туралы айтар қызық көп. Ол туралы біріншілік аяқталған соң жариялайтын боламыз. Ертең, яғни, 16 тамыз күні кеште үшінші орын үшін болатын кездесу мен қызыққа толы финалдық бәсекені жіберіп алмаңыз. Үштікте қалу үшін Аққыстау мен Зинеден құрамалары кездесетін болады. Ал, Жанбай мен Исатай командалары жарыс жеңімпазын анықтайды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT