Абылайхан Қазақстан чемпионы атанды

Ақтау қаласында 2001-2002 жылы туылған үлкен жасөспірімдер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Әлем және Aзия чемпионаттарына іріктеу болып табылатын ел біріншілігінде облыс құрамасы сапында жерлесіміз "Барыс" балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының шәкірті Абылайхан Мейрамбекұлы (жаттықтырушылары Асхат Жұмабеков, Равиль Тәукен) 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. Еліміздің барлық облысынан оза шапқан кілең мықтылардың басын қосқан додада бабына бағы сай келген Абылайхан бес кездесуді де таза жеңіспен аяқтап, ел чемпионы атанды. Айта кетейік, Абылайхан бұл бәсекеде облыс құрамасы спортшылары ішінде алтыннан алқа тағынған жалғыз палуан екен. Шәкіртінің сүйінші хабарын жеткізген бапкері, "Барыс" балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабеков енді Абылайханды алда Өзбекстан мемлекетінде туын көтеретін әлем және Таиланд елінде өтетін Азия біріншілігі күтіп тұрғанын айтады. Естеріңізге сала кетейік, Абылайхан жыл тоғысында "Жыл жүйрігі" атағына ие болған болатын. Сол атаққа лайық екендігін тағы бір мәрте дәлелдеген жас палуан енді әлем мен Азияны бағындырып, шын жүйpік атансын деген тілектеміз.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521