"Абылайхан" ел чемпионатының күміс жүлдегері

Таяуда ғана ересектер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Бұл Азия мен Әлем чемпионатының іріктеуіне Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшылар бағы мен бабын қатар сынады. Аталған додаға Исатай ауданының самбошысы Абылайхан Мейрамбекұлының  асығы алшысынан түсіп, ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

- Самбо күресі — көптеген ұлттық күрес түрлерінің бай әдіс айлаларының жиынтығы болып табылады. Сондықтан да болар аталған күрес түріне жастарымыздың да қызығушылығы басым. ҚР Чемпионаты жоғарғы деңгейде өтті. Байрақты бәсекеге қатысқан спортшымыз шаршы алаңда алдымен Жамбыл облысынан келген балуанмен белдесіп, айқын басымдылықпен ұтты. Ал екінші кезең бойынша алматылық балуанды және де келесі кезекте Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қарсыласын ұтқыр айласымен жеңе білді. Ақтық сында шәкіртім қызылордалық балуанмен белдесті.Қарсыласы  өткен жылғы жасөспірімдер арасындағы Әлем  чемпионы еді. Бәсекелі дода да Абылайхан санаулы секунд ішінде қарсыласынан сәл есе жіберіп алды.Міне, осылайша қоржынын күміс жүлдесімен толықтырды. Оның өзі де үлкен еңбек, тынбай әрекеттенген дайындықтың нәтижесі.,- дейді шәкірт жайында сөз қозғаған «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры әрі жеке бапкері Асхат Жұмабекұлы.

 

Айта кетейік, "Барыс" клубының түлегі Абылайхан осыған дейін жасөспірімдер арасындағы Әлем және Азия чемпионаты атанған болатын. Сондай-ақ, 2022 жылы ересектер арасындағы ҚРЧ қола жүлде иегері атанса, сонымен қатар, Қазақстан кубогының жеңімпазы болып, биік белестерді бағындырып жүр. Тек жерлесімізге сәттілік серік болсын дейміз. Өр мінезді, жалынды жастың алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.

 

Сағыныш Қайыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521