Ағалы-інілі дойбышылар дараланды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.

Атаулы жылға орай бүгін аудандық полиция және мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен мектеп оқушылары арасында дойбыдан жарыс өтті. Балалар кітапханасында ұйымдастырылған жарысқа барлығы 13 оқушы қатысты. Ойынның шартына сәйкес, алдымен 4-6 сынып аралығындағы оқушылар өзара сынға түсіп, одан кейін ойын 7-9 сыныптың оқушылары арасында жалғасты.

Ауданға қарасты бірнеше мектептің оқушылары бақ сынаған шаршы тақта ойыны тартысқа толы болды. Нәтижесінде, 4-6 сынып оқушылары арасында өткен ойында бір үйдің қос перзентінің бағы жанды.

Нақтырақ айтқанда, жанбайлық ағалы-інілі Олжас және Сәтпек Қалидоллалар І, ІІ орындарды өзара бөліссе, ІІІ орынды тұщықұдықтық Досмұхамбет Амангелдіұлы еншіледі. Сондай-ақ 7-8 сыныптар арасында қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан аққыстаулық Алтынбек Шәмшиден ойынның жеңімпазы атанса, Марғұлан Темір ІІ орын, Рахман Талант ІІІ орынға лайықты деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен жүлделі медальдар тапсырылды.

img_4518

- Дойбы ойынын өзім де, ағам Сәтбек те бала күнімізден жақсы көреміз. Бұған дейін де дойбыдан мектепішілік жарыстарға қатысып жүрміз. Дегенмен, бүгінгі ойын біздің есімізде ерекше жатталатын болды. Себебі, ақтық ойынды Сәтбек ағаммен өткіздім. Ойын барысында ол барын салды, бірақ мен басым түстім. Осылайша, бұл ойында мен жеңімпаз, ағам жүлдегер атанды, - дейді Олжас қуанышты жүзбен.

Ал, аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айсұлу Телеубаева дойбы ойыны оқушылардың ойлау қабілетін арттыратынын тілге тиек етіп, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мұндай жарыстар алдағы уақытта да, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыратындығын жеткізді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT