Исатай ауданында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне аудандық іріктеу жарысы өтті.
Ұлттық спортымыздың дамыту мақсатындағы жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегисинов құттықтау сөз сөйлеп, палуандарға сәттілік тіледі. Жарыста Х.Ерғалиев, Тұщықұдық және Аққыстау ауылынан барлығы 8 палуан бақ сынады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирде әрбір палуан аудан деңгейінде барыс атануға барын салды. Дегенмен, қарсыластарының арасынан бабы мен бағы келіскен аққыстаулық Аян Өмірбек жарыстың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, турнирде ІІ орынды Руслан Әділхор иеленсе, ІІІ орынға Әлішер Мағзом тұрақтады.
Байрақты бәсекенің жабылу салтанатында жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом, кубок және ақшалай сыйлық ұсынылды. «Исатай барысы» атағын иеленген Аян Өмірбек пен ІІ орынды еншілеген Руслан Әділхор енді «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің мамыр айында өтетін облыстық кезеңінде аудан намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, «Қазақстан барысы» турниріне салмақ көрсеткіші 90 келіден жоғары спортшылар қатысады. Турнир осынысымен де өзге спорт түрлерінен ерекшеленеді.
Әділбек СЫРЫМОВ