Жақында Түркістан облысында баскетболдан U-17 жастар арасында күзгі Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Еліміздің барлық өңірінен 14 команда қатысқан жарыста Атырау облысының құрамасы 5 ойын өткізіп, оның барлығында да қарсыластарын ірі есеппен ұтты. Шымкентті 59:26, БҚО 82:38, Қызылорда құрамасын 91:42, Рахат командасын 63:34, түркістандықтарды 79:56 есебімен ойсырата жеңген Атырау құрамасы сапында жерлесіміз Абай атындағы орта мектептің түлегі, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының шәкірті Азамат Жәнібеков те өнер көрсетіп, Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанды.
- Азамат - талантты спортшы. Оны сыртқы түр-тұлпаты мен баскетболға бейімділігін ескеріп осы спорт түріне тәрбиелеген едік. Бұл ретте Таупих Түсіпқалиев ұстазымыздың да еңбегін айта кеткен жөн. «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубында тынысын ашып, талабын шыңдаған жас спортшымыздың облыстағы «Барыс» баскетбол құрамасына енуіне осы саладағы ауданның маңдайалды маманы Эльдар Тағатов бауырымыздың септігі тигенін атай кеткен дұрыс, - дейді Азаматтың жаттықтырушысы Ерлан Құрманғалиев.
– Алда талай белес бар. Азаматты сол шыңдардан көрсек дейміз. Оның ізін қуып келе жатқан шәкірттеріміз де жоқ емес. Мақсатымыз солардың қанатын қатайту, - дейді ол.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ