Әр өңірдің өз тарихында атын алтын әріппен жазып қалдырған арда азаматтары болады. Исатай ауданындағы бокс спортының іргесін қалаған, жас ұрпаққа жол көрсеткен ұстаз, бапкер әрі төреші Асылбек Орынғалиұлы Чунышқалиев – сондай есімдердің бірі. Ол тек спортшы ғана емес, шәкірттеріне өмірдің үлкен мектебін үйреткен нағыз ұстаз еді. Бүгінде оның аты жаңғырып, еңбегі еленіп, ел жадында сақталып отыр.
Сол еңбектің айғағы ретінде Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бокс спортының негізін қалаушыға арналған жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионатының шымылдығы түрілді. Асылбек Орынғалиұлының өнегелі өмірін дәріптеп, ізін жалғар ұрпаққа аманат етіп жеткізудің бір үлгісі болды.
Ашылу салтанатында марқұмның туған-туыстары, жергілікті билік өкілдері мен облыстық бокс федерациясының жетекшілері бас қосты. Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Нұрым Мусин:
– Асылбек Чунышқалиев – Исатай жерінде бокстың дамуына негіз қалаған азамат. Ол шәкірт тәрбиелеуде табандылығымен, спорттағы әділдігімен, ел алдындағы адалдығымен есте қалды. Бүгінгі турнир – оның еңбегіне деген құрметіміз,-деп атап өтті.
Жарысқа Атырау қаласы мен облыстың жеті ауданынан келген 24 спорт мектебінің жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара бақ сынауда. Ең бастысы, осы жарыста топ жарған спортшылар Қазақстан чемпионатына жолдама алып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.
Салтанатты шара барысында аудан басшысы марқұмның туған-туыстарына және облыстық бокс федерациясының өкіліне естелік сыйлықтар табыстады. Ал шәкірттерінің гүл шоқтарын аяулы анасына ұсынған сәтінде зал іші ерекше толқып, көзге жас алғандар да болды. Бұл – спорттың ғана емес, жүректердің тоғысқан, сағыныш пен құрметтің тоғысқан сәті еді.
Шараның көрігін аудан өнерпаздарының патриоттық әндері қыздырып, жас спортшыларға ерекше рух берді. Әуен мен спорттың үндескен бұл мерекесі бірлік пен жігердің, жастық пен арманның салтанатына айналды.
Бірнеше күнге созылатын турнир жеңімпаздары анықталғанымен, басты жеңіс – Асылбек Орынғалиұлының атына көрсетілген құрмет пен шәкірт жүрегінде қайта жаңғырған ұстаз бейнесі. Оның өнегесі – спортшы жігерінде, оның есімі – халық жадында мәңгі сақталмақ.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ