«Арманым – «Қазақстан Барысы» атану» дейді жас палуан

- Мен үшін өткен жыл өте жағымды сәттерімен есте қалды. 

Осы спорт себепті көптеген жерлерді көрдім. Атап айтсам, Шымкент, Қызылорда, Бурабай, Қостанай, тағы да басқа аймақтарда болдым. Және бұл өңірлерден жақсы нәтижелерге қол жеткізіп қайттым, - дейді бірнеше республикалық турнирлердің жеңімпазы, белбеу күресінен ел біріншілігінің жүлдегері, «Жас барыс» республикалық турнирінің қола жүлдегері, қамысқалалық жас палуан Диас Мақсотұлы бізбен болған әңгімесінде.

- Соның ішінде Бурабай қаласында өткен "Жас Барыс" республикалық турнирінің кездесулері қиынға соққанын несіне жасырайын. Не де болса былтырғы алған жетістіктерім ойдағыдай болды деп есептеймін.

Осылай деген жас палуан бұл жемістің бәрі төккен тердің өтеуі екендігін, оған ең алдымен кішкентайынан бастап қамқорлап, жаттықтырып жүрген жеке бапкері Үмбет Мұсағалиев ағайының еңбегі көптігін айтады.

- Диас - артық сөзі, ұшқалақ мінезі жоқ, салмақты, сабырлы бала. Үшінші сыныптан бастап мектебіміздің табалдырығын аттаған ол алты жыл бойы табанды тер төгіп, берген тапсырмаларымызды тиянақты орындап келеді. Соның нәтижесі де шығар, қазір бабында. Рас, былтыр біз үшін сәтті жыл болды. Әттеген-айсыз да болмайды ғой, әрине. Қазақ күресінен болған Қазақстан чемпионатында жүлде қол созым жерде тұрды. Үшінші орын үшін болғансында шәкіртім барын салды. Тіпті, кейбір сәттерде тәжірибелі қарсыласын тығырыққа тіреп, ұпай еншіледі де. Алайда, төреші қарсыласының қолын көтерді. Және облыс спортшыларының арасында жалғыз өзі үздік бестікке енді. Бұл сында Диас ұтылды деп есептемеймін, - дейді жас палуанның ұстазы. Диас белбеу күресінен де мықты. Күрестің бұл түрінен ол былтыр өткен Қазақстан чемпионатында күміс, қола медальдарға қол жеткізді.

- Жалпы ауылда спортқа қызығушылық басым. Тек орын тапшылығы қиындық тудырып тұр. Жаттығуға тұрақты орын болмағандықтан, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің бір бөлмесін алып отырмыз. Қолайсыздау екендігін несіне жасырайық. Алдағы уақытта спорт кешені салынады деген жақсы хабар бар ғой. Бұл жүзеге асса, спорт ауыл жастарының тұрақты серігіне айналарына сенім мол, - дейді Үмбет Мусағалиев. Оның айтуынша, жақында ауыл әкімі Р.Тәжиденова былтыр күрделі жөндеуден өткен ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесінен кеңдеу бөлме қарастыратынын айтыпты.

- Биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Сондықтан, біздің жастар өздерін тәуелсіз елдің еркін ойлы, қайратты, ақылды азамат ретінде танытуы тиіс. Тәуелсіз Қазақ елінің жастары ержүрек, патриот болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, әрбір жас Қазақстанның бір-бір кірпіші болып қаланса деген тілектемін,-деген Диас «Адам еңбектенсе, бәріне қол жеткізе алады» деген ұстанымын аңғартып қалды.

Диастың негізгі қолдаушылары ата-анасы. - Әсіресе әкем үнемі жігерлендіріп отырады. Кейбір жығылған сәттерімде ең бірінші сүйеу болып, ақылын айтатын да сол. "Алда талай жарысың бар, тек дайындал, еңбектенсең жеңесің, алға қарай ұмтыл" дейді.

Әкенің ақылы, ұстазының тәлімінен шығар, Диастың арманы да үлкен. Ол - үлкен ареналарда өнер көрсетіп, "Қазақстан Барысы" атану. - Сол үшін аянбай еңбек етемін, - дейді сабазың. Ол күн де туар, бәлкім. Белгілі Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғмаров секілді мықтылардың есімінің қатарында біздің Диастың да аты жазылып жатса, біз үшін содан асқан абырой бар ма?

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521