Атырауда «Рухы мықты жандар күні» аталып өтті

​ Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Рухы мықты жандар күніне» орай, Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов жергілікті параспортшылармен кездесті.       

Ерекше жігерімен, биік рухымен тұтас​ қоғамға үлгі болып жүрген спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов мерекемен құттықтады.                                                                                  

«Параспорт саласында өздеріңіз бағындырып отырған биіктер егемендік жылдарындағы табыстардың бір парасы ғана. Токио төрінде жоғары деңгейде өнер көрсеткен парадзюдошыларымыз үш күміс медаль иеленді. Жақында ғана Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткен алтыншы республикалық параспартакиадада Атырау облысы командалық есепте үшінші орынды иеленді. 17 облыс бойынша дүлдүлдер бақ сынасқан жарысқа 85 атыраулық спортшы қатысып, мерейімізді асырды. Бұл үлкен нәтиже, біз сіздермен мақтанамыз» деді облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов.   

Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде Атырау облыстық Мүгедектер спорт клубының жетекшісі Аманбай Қыздарбайұлы бірқатар мәселелерге тоқталды.                                                                       

«Клуб 2007 жылы ашылған кезде спорттың 5-6 түрінен ғана жаттығулар өтетін. Қазіргі уақытта параспортшылар спорттың 16 түрі бойынша күнделікті жаттығуда. Осындай жұмыс аудандарда да жүріп жатыр. Спорт кешені күрделі жөндеуден өтіп, ғимарат құрылысы спортшыларымыздың жүріп-тұруына қайта бейімделуде. Ендігі жерде спорт кешені орналасқан жер телімін ұлғайтып, жатақхана мен асхана салу мәселесі өткір тұр. Және спортшыларымызды тасымалдайтын көліктер жаңартуды қажет етеді» деп атап өтті Атырау облыстық Мүгедектер спорт клубының жетекшісі Аманбай Қыздарбайұлы.

Өзін-өзі дамытуда спорт арқылы шектеусіз мүмкіндік көрсетіп жүргендердің бірі – жас параспортшы Альфия Тілекқабыл. Ол жуырда ғана өткен алтыншы республикалық параспартакиадада жүзудің екі түрінен екі алтын медаль иеленген.

«17 облыстан спортшылар қатысқан бәсекеде 100 метр брасс, 100 метр арқамен жүзу әдісінен​ екі алтын медаль иелендім. Наурызда өткен чемпионатта шахматтан күміс медаль алдым. Спортпен шұғылданған өзіме қатты ұнайды. Нәтижелерімді әрі қарай шыңдай беремін» дейді жас чемпион Альфия Тілекқабыл.

Еске сала кетелік, Атырау облыстық Мүгедектер спорт клубында бүгінде 372 спортшы жаттығуда.                 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521