«24 тамыз күні Атырауда алғаш рет велокросстан ашық біріншілік өтті» деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарыс жас ерекшеліктеріне қарай және ер балалар, қыздар, жасөспірімдер, сондай-ақ, ересектер арасында болып төртке бөлінді. Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедияровтың айтуынша, велокросс жарыстарын алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп тұру қолға алынады.
- Жыл басынан бері облыстық велоспорт федерациясымен бірлесіп жұмыс жасап келеміз. Аталған спорт түрінен Нұр-Сұлтан қаласынан өңірімізге маман келіп, жұмысын жүргізіп жатыр. Федерация және жергілікті бюджеттен велоспортқа керекті құрал-жабдықтар алынды. Атырауда тек велокросстан ғана емес, басқа да велоспорт түрлерінен жарыстар өткізіп тұрамыз, -дейді Нұрбек Ахмедияров.
Жарыстың қорытындысы бойынша, 2005-2007 жылғы ер балалар арасында Трофим Турыжников есімді жасөспірім жеңіске жетті. Ал, 2001-2007 жылғы қыздар арасында Екатерина Ломовцева бірінші орынды иеленді.
Сонымен қатар, 2001-2004 жылғылар арасында Никита Безручко мәреге бірінші болып жетсе, 2002 жылғы және одан жоғары жастағы ересектер арасында Артем Дыгин чемпион атанды.
Сайыстағы ең жас қатысушы 2014 жылы туған Байтас Аманжол болса, ең ересек велоспортшы 1989 жылы дүниеге келген азамат Самат Залипов болды.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет: ӨКҚ