Тұщықұдық ауылында шағын футбол алаңы ашылды.
Ауылдың кіреберісіндегі стадион құрылысының аяқталуын тағатсыздана күтіп жүрген ауыл жастары үшін бұл да үлкен қуаныш болды. Өйткені, тұщықұдықтық жастардың спортқа деген қызығушылықтары басым. Оған түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардан жүлделі оралып жүрген ауыл командалары дәлел бола алады.
Ойын алаңының ашылу салтанатында сөз алған ауылдық округ әкімі Мәди Өтеғалиев нысанның Жастар жылы аясында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынғанын атап өтті.
– Стадионымыздың құрылысы аяқталғанша ауыл жастары осындай жасанды жабын төселген шағын алаңда жаттыға тұрсын деген оймен осы бастаманы қолға алдық. Балаларымыздың, жастардың қуанышы – біздің де қуанышымыз, - деген ауыл әкімі әлем, Азия чемпиондарын шыққан Тұщықұдық тұрғындарын алаңның ашылуымен құттықтады.
Шарада ауданның ауданның Құрметті азаматы Кәки Сапаров, спорт ардагерлері Бердібек Қайраханов пен Асан Нәсіпқалиұлы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының жүлдегері Гүлден Сұпығалиевалар ізгі тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Асан Нәсіпқалиұлы мен Тұщықұдық футбол құрамасының жетекшісі Азамат Балмурзинге ауыл әкімінің ризашылық хаты табысталды.
Алаңның ашылу салтанатында ауыл әкімі Мәди Өтеғалиев қақпаға алғашқы допты бағыттап, тұрғындарды салауаттылыққа шақырды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ