Автокөлік Грузия палуанына бұйырды (ФОТО)

Еңбек ардагері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Бақтығали Ғұбайдуллиннің 80 жылдығына орай ардагерді еске алуға арналған жасөспірімдер арасында дзюдодан, ересектер арасында қазақ күресінен 2-республикалық ашық турнир өтті.

Екі күнге созылған дүбірлі додада 400-ден астам жас дзюдошы мен елге танымал 19 түйе палуан сынға түсті. – Ардагерді еске алуға арналған бұл турнир былтыр бастау алған болатын, - дейді аудан әкімі жарыстың ашылу салтанатында. – Былтыр алғаш рет өткен бәсекеге 300-ге жуық палуан қатысқан еді. Ал, биылғы додаға 400-ден астам спортшы келіп отыр. Сонымен қатар, Грузия, Ресей, Беларуссия, Өзбекстан сынды елдерден палуандар бақ сынамақ. Бұл турнирдің жыл сайын ауқымы кеңіп отырғандығын білдіреді, - дейді аудан басшысы Марат Мурзиев.

Жарысқа ұлттық дәрежедегі төрешілер төрелік етті. Ал, қонақтар қатарында дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов, дзюдо күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаев, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, дзюдо, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманбай Қыздарбаев секілді белді азаматтар болды. 13 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен жас палуандардардың ішінде қыздар арасында (24 келіде) Жұмажан Інжу («Барыс» клубы) жеңімпаз атанса, басқа да дзюдошыларымыз әртүрлі жүлдегерге ие болды.

Қазақ күресінен 19 палуан сынға түсті. Олардың арасында Беларуссия, Ресей, Грузия, Өзбекстан мемлекеттері мен еліміздің әр аймағынан мықтылар күш сынасты. Облыс атынан қызылқоғалық ағайындылар – Дастан, Сұңғат Закарияевтар мен Арман Қалиев белдесті. Тартысты бәсекенің үшінші орын үшін болған сынында атыраулық Сұңғат пен Арманның жолы түйісті. Алайда, жарақатына байланысты Сұңғат Арманға жол берді. Сөйтіп, Арман турнирдің үшінші орны мен 300 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады.

Жартылай финалда Сұңғаттың жолын кескен қызылордалық Мақсат Исақабылов ақтық сында Грузияның мықтысы Леван Матиашвилимен кездесті. Басында белдесуді ширақ бастаған Қызылорданың cпортшысы белдесудің бел ортасында сыр бере бастады. Қарсыласының сәл босаңсуын күтіп жүрген Леван болса, ұрымтал сәттердің бірінде Мақсаттың жаурынын жер иіскетті. Осылайша, дзюдодан еуропаның екі дүркін чемпионы, грузиялық Леван Матиашвилий турнирдің бас жүлдесіне тігілген жеңіл автокөлік пен арнайы белдіктің иегері атанды. Ал, Мақсат Исақабылов екінші орынды еншілеп, 500 мың теңгені қанжығалады.

 

Сондай-ақ, ардагер ұрпақтары сыйлы қонақтарға құрмет көрсетіп, шапан жапты, бағалы сыйлықтар табыстады. Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Қазақ спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры Мусағали Тасқалиев Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әбіштің сәлемін жеткізіп, ұлт спортына жанашырлық танытып жүрген Абат Бақтығалиұлына «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін, мақтаныштарымыз, әлем кубогінің күміс жүлдегері Еркебұлан Қуанғалиев пен азия чемпионатының күміс жүлдегері Айымгүл Махуоваға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» куәліктерін табыстады.

Жарыс аудан әкімдігінің қолдауымен, Исатай қазақ күресі федерациясы, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру-даярлық клубының ұйымдастыруымен өткен болатын. Турнирдің бас демеушісі - «Бекет» шаруа қожалығы екенін де атай кеткен жөн.

С.БЕРІКБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521