Сейсенбі күні Ресей елінде оқушылар арасында самбо күресінен әлем чемпионаты туын көтерді. Төрт күнге жоспарланған бұл байрақты бәсекеге әлемнің 25 елінен 250 жас самбошы қатысуда.
«Ресей Федерациясының Президенті В.Путин оқушылар арасындағы бұл біріншіліктің тарихта алғаш рет өтіп отырғанын ерекше атады» деп жазады «Комсомольская правда» газеті.
Спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Аталған дүбірлі додада бақ сынаған жаттықтырушылар Бисенбай Қошқаров пен Аманжол Ғалымұлының тәлімгері, жерлесіміз Аңсаған Қазбек жарыстың алғашқы күндерін сәтті бастап ақтық сынға дейін өтті. Финалдық бәсекеде ғана Ресей палуанынына сыр берген жас спортшымыз екінші орынға ие болып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
- Қазбек – спорт шеберлігіне үміткер. Оның болашағынан да үлкен үміт бар. Осы бағытынан таймаса, әлі талай белестерді бағындырады деген сенімдеміз. Қыркүйек айында БҚО-дағы, Ақсай қаласында самбо күресінен Қазақстан чемпионаты өтпек. Ол бәсекеде сәтті өнер көрсеткендер Азия, әлем чемпионаттарына жолдама алады. Ендігі тілейтініміз – сол жарыста да абырой биігінен көріну, - дейді жас спортшының бапкері, Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Аманжол Ғалымұлы.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.