«Барыс» палуаны «Жас барысқа» барады

Қараша айының 8-9 күндері аралығында Атырау қаласында қазақ күресінен кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер және жастар арасындағы «Жас барыс» республикалық турниріне облыстық іріктеу чемпионаты өтті.

Аталған турнирде «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының жас жеткіншектері де бақ сынаған болатын. Кіші жасөспірімдер арасындағы додада Ерболат Нұрсәт (60 келіде) пен Бексұлтан Талапов (+73 келіде) топ жарып, жеңімпаз атанды. Ал, Қайырлы Шаттан (66 келіде) 2 орынды иеленді. Жасөспірімдер арасында Ерболат Дулат (57 келіде) пен Құбахан Ерасыл (81 келіде) 2-орындарды еншілесе, Абылай Мейрамбекұлы (57 келіде) мен Жандос Өлданов (72 келіде) 3-орындарды місе тұтты.

Жастар арасындағы сында өнер көрсеткен Есет Бейбітұлы (74 келіде) екінші, Досхан Асылбеков (66 келіде) үшінші орындарға ие болды. Бұл турнирден бірер күн бұрын да барыстықтардың қанжығасы майланған болатын. Ол жарыс Орал қаласында КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері және еңбегі сіңген жаттықтырушысы Бердіғали Төлегеновтің жүлдесі үшін дзюдодан өткен турнир еді. Бұл бәсекеде де Ерболат Нұрсәт (60 келіде) жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, Алихан Байменов (46 келіде), Ерболат Дулат (57 келіде), Қайырлы Шаттан (66 келіде) үшінші орындарды қанағат тұтқан болатын. Жас спортшылардың бапкері – «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының жаттықтырушысы Таукен Равиль.

С.МҰРАТХАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521