«Барыс» үшін табысты Жыл болды

-Асхат Жұмабекұлы, өзіңіз басқаратын «Барыс» балалар- жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының қазіргі жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

Өткен жыл ұжымға қандай өзгеріс алып келді?

- Жалпылама тоқталып өтер болсақ, ауданымызда қазіргі таңда «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубына қарасты 15 жаттықтырушы қызмет ететін 14 үйірме 474 оқушыны спортқа баулуда. Шәкірттеріміздің 326-сы - ұл, 148-і - қыз бала. Шалғай ауылдарда Исатай, Зинеден, Жанбай, Нарын ауылдарында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануға үлкен мүмкіндіктер жасалды. Ауыл жастары спортқа ден қоюда. Ең басты жетістігіміз осы деп есептеймін.

Сонымен қатар биылғы оқу жылынан бастап Өркен орта мектебінен таэквондо, Х.Нәубетов атындағы орта мектептен каратэ, Аққыстау орта мектебінен тоғызқұмалақ, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептен жеңіл атлетика үйірмелері ашылды. Сондай-ақ, оқушыларға патриоттық тәрбие беруге бағытталған алғашқы әскери дайындық үйірмелері де биыл өз жұмысын бастады.

- Балғын спортшыларды баулуда спорттық жарыстардың ықпалы зор екені белгілі. Осы ретте өздеріңіз ұйытқы болған, сондай-ақ басқа да өңірлерде ұйымдастырылған жарыстарға қатысушылардың қарқыны қалай? Нәтижелері ше?

- Аудан бойынша биыл 34 спорттық шара ұйымдастырылды. Оған 10 орта мектептен 3052 оқушы қатыстырылып, әртүрлі деңгейде жеңімпаз атанған оқушыларымыз медаль және дипломдармен марапатталды. Тек спорттық сайыстар ғана емес, біліктілікті арттыру мақсатында өтетін әртүрлі шаралардың да маңызы бар. Мәселен, таэквондо, каратэ, дзюдо секілді спорт түрлері бойынша оқушыларымыз облыстық оқу-жаттығу жиындарына және семинарларға барып, өз шеберліктерін шыңдап қайтты. Бұл да қажетті жұмыстар.

Оқушыларымыз басқа да аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көріне білді. Атап айтар болсақ, 54 жарысқа 718 оқушы қатыстырылды. Олардың 14-і республикалық, 40-ы облыстық жарыс. 41 оқушымыз бірінші, 41 шәкіртіміз екінші және 65 оқушымыз үшінші орындарға ие болды.

Атырау қаласында оқушылардың «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен IX жазғы спартакиадасы болып өткені белгілі. Спорттың 21 түрінен өткен аталмыш жарысқа ауданымыздан 262 оқушы қатыстырылды. Спортшыларымыз бұл жарысқа жоғары өнер көрсетіп, нәтижесінде Исатай ауданы араға 10 жылдан аса уақыт салып командалық есепте III орынды иеленді. Жарыс жеңімпаздары стритболдан, қазақ күресінен, дзюдодан, самбодан, волейболдан, бокстан республикалық кезеңге қатысып қайтты. Солардың ішінде шәкіртіміз Абылай Мейрамбекұлы Қызылорда қаласында өткен республикалық кезеңде қазақ күресінен 1-орын иеленіп спартакиада чемпионы атанды.

Исатай ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Бақтығали Ғұбайдуллинді еске алуға арналған жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен, ересектер арасында қазақ күресінен ІІ республикалық турнир жас спортшыларға серпіліс беріп, басқа да оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға себепші болатын ауқымды шаралардың бірі деп есептеймін. Қолдау білдіріп, демеушілік танытып жатқан ардагердің ұрпақтарына біз ғана емес бүкіл спортшылар мен аудан тұрғындары дән риза. Ең бастысы ауылға ерекше спорт мерекесін сыйлай алдық деп ойлаймын.

-Бұл турнирге Грузия, Ресей, Өзбекстан, Беларуссия мемлекеттерімен қатар Қазақстанның әр облысынан 400-ге жуық жас палуан қатысты. Ауданымыздың жас палуандары 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль иеленді.

- Ауданымыздың намысын қорғап, болашағынан көп үміт күттірер жас спортшыларымыз аз емес. Солардың ішінде кімдерді атап айтар едіңіз. Тағы бір айтайын дегеніміз, біраз талантты спортшылардың ұстазысыз. Өз шәкірттеріңіз үшін жыл жемісті болды ма?

- Иә, жас жеткіншектердің жаңа бір толқыны өсіп келе жатыр. Осы беттен таймаса, олар әлі де бізді қуантатынына сенімдімін. Бастысы, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Осы орайда ата-аналардың қолдауыларын ерекше атай кеткен жөн. Ал, біз үміт күтетін жас спортшылардың кейбірінің аты-жөнін айтып өтер болсақ, олар - Ерболат Нұрсәт, Талапов Бексұлтан, Нұрланұлы Есенаман, Жұмажан Інжу, Мирас Райымбекұлы, Сабит Оразымбет, Гайнеден Дидархан, Арон Алишер, Гүлжанар Мүстажапқызы, Талапкер Мұхтархан, Мақсотов Мирас, Жеңісов Данабек, Дәулеткерей Гүлжаухар, Абылай Мейрамбекұлы, Дінмұхаммед Қилымов, Сабырхан Елемесов сынды оқушыларымыз. Ал, өз шәкірттеріме келер болсам, өткен жыл олар үшін де олжалы болды. Мәселен, Ерасыл Жомартұлы 23 жасқа дейінгі жауынгерлік самбодан жастар арасында өткен Қазақстан біріншілігінде қола жүлде иеленсе, Тәукен Расуль жастар арасында ел біріншілігінің қола жүлдегер атанды. Ал, Еркебұлан Қуанғалиев жастар арасында Қазақстан чемпионы, ересектер арасында ел чемпионатының қола жүлдегері, Астана қаласында өткен әлем кубогінің күміс жүлдегері болды және самбо мен жауынгерлік самбодан спорт шебері нормативін орындады. Айымгүл Махуова Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында Қазақстан кубогінде қола жүлдені қанжығалап, самбодан спорт шебері атанды. Таукен Расуль дзюдо күресінен Каспий жағалауы мемлекеттері арасында 5 мемлекет қатысқан жарыста күміс жүлдені иеленді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521