Бауыржан Испанияда доп тебеді

Шаңы бұрқыраған ауыл алаңында ақ тер-көк тер болып, доп қуған бозбалалардан қалмай кішкентай қара домалақ бала жүгіріп жүретін. Қасындағылардан жасы да, бойы да едәуір кіші әлгі бала аяғында магниті бардай, алған добынан айырылмайтын. Кішкентай қара баланың шалт қимылына сырттай сүйсіне қарайтындар «осыдан бірдеңе шығады» деп таңдай қағысатын.

Қамысқалалық Бауыржан Нұрлыбекұлы футболды көгілдір экраннан ғана тамашалап, әр командаға бәс тігіп, әр ойыншыны сілекейі шұбырып мақтайтындардың қатарынан емес, өзім де солардай болсам деп алдына мақсат қойған азаматтардың бірі. Үйінің іргесіндегі мектеп ауласында доп қуып өскен ол бүгінде - Қазақстан спорт және туризм академиясы университетінің алдыңғы қатарлы студенті. Жақында ауылға демалысқа келген Бауыржанмен кіші аяқдоп залында кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті.

Өзінің айтуынша, өткен жыл Бауыржан үшін сәтті кезеңдердің бірі болғанға ұқсайды. Оның ең бір ерекшелігі бүгінде әлемдік футбол жанкүйерлерінің назары ауған Испания мемлекетінде болған сапары екен. Отандық футболға жанашыр мамандардың мұрындық болуымен талантты жас аяқдопшыларды тауып, шыңдау мақсатында ұйымдастырылған іріктеу бала күнінен-ақ ала допқа арбалған Бауыржанның тынысын аша түскендей.

- Алматы қаласынан арнайы іріктеуден өтіп, Испания еліне оқу-жаттығу жиынына бару бұйырды, - дейді әңгімесін тарқатқан жас футболшы. - Әйгілі Мадрид қаласында болдық, сол Мадридтің түбіндегі Кадис қаласына қарайтын «Кадис» футбол клубында жаттығулар өткіздік, - дейді ол.

- Бұл сапарда «Ла лигадан» кейінгі екінші лигадағы командалармен кездесулер өткізіп, нағыз футболдың не екенін білдік. «Алавес», «Кадис», «Реал Бетис» сынды клубтармен болған кездесулер мол тәжірибе жинауыма себеп болды, - деген футболшы ол елдегі жаттығу әдістемесінің де мүлдем өзгеше екендігін айтады. Әсіресе, олардың біздегі футбол ойнау үрдісінен айырмашылығы қимылға мән беру мен шабуылға көбірек иек артатындығы екен. - Футболмен өмір сүретін ел ғой, содан соң да шығар, ол жақта спорттың бұл түріне ерекше көңіл бөлінген. Әр көшеде заман талабына сай алаңдар, мектептер бар, қысқасы, олардың «көкпары» осы боп тұр, - дейді сапардан алған әсерімен бөліскен Бауыржан.

- Ауылдың ой-шұңқыры көп алаңында ойнағанымыздың да көп пайдасын көрдік, топырақта доп теуіп өскен балаға тақтайдай тегіс стадионда ойнау жаяудан атқа мінгендей көрінеді екен, - деген Бауыржан ауылда өскен бала физикалық жағынан мығым келеді, ал, қалалық спортшылар техникаға жетік деген ойда. - Футболға бұл екеуінің де керек екендігі айтпаса да белгілі. Сол себепті де испандық мамандар допты тек аяқпен ғана емес, алаңдағы әр адымды ақылмен аттауды, пас берудегі қарапайым тәсілдерді жетік меңгеруді үйретеді. Физикалық, тактикалық жаттығулардан бөлек арнайы кеңестер берілетіні тағы бар. Солардың бірі ретінде дәрігерлердің алаңда жарақат алған жағдайда қандай әрекеттер жасау қажеттігін үйрететінін де айтып өтті.

Бауыржанның еңбекқорлығы мен талантына тәнті болған испандық бапкер Антонио Валера енді біздің жігітті бір жылдық оқу-жаттығуға шақыртыпты. Бұйырса, алда Испанияда өтетін бір жылдық оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр. Кім білген, бәлкім дайындығымыз ойдағыдай болып, бапкерлер көңілінен шығып жатсам, кәсіпқой клубтардың бірімен келісімшартқа отырып қалуым да мүмкін. Ол үшін аянбай, тер төгу керек, - дейді сабазың. Елімізде аяқалысы енді-енді түзеліп келе жатқан отандық аяқдоптың еңсесін тіктейтін біздің болашақтарымыз - осылар. Ала доп арқылы тұтас мемлекетін айдай әлемге танытқан аяқдопшылар қаншама? Доп қуғанның тозбайтынын дәлелдеуге тырысып жүрген біздің Бауыржан да солардың біріне айналсын деп тілейік.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521