Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған Аққыстау мектебінің түлектері баскетболдан бұрынғы және қазіргі жас чемпиондар арасында жолдастық кездесу ұйымдастырды.
Осыдан 20 жыл бұрынғы чемпиондар кезінде облыстан жеңімпаз атанса, қазіргі чемпиондар республикаға барып облыстың намысын қорғап жүрген спортшылар. Бұл жолдастық кездесуде екі жақтың да спортшыларының әдіс-тәсілдері жақсы екенін байқадық. Әсіресе, жас чемпиондар жағы «әп» дегеннен қатты қарқынмен бастады. Алғашқы есепті жас чемпиондар құрамасының спортшысы Халида Меңдібайқызы бастап ашты.
Жастар практика жүзінде шебер болғанмен, бұрынғы чемпиондар психологиялық тұрғыдан ешқандай сыр берген жоқ. Екі жақтың да спортшылары бір-біріне қарсыласып, барынша тойтарыс жасады. Ойынның тартысты болғаны сондай, жанкүйерлер жақсы көңіл-күймен отырып тамашалады.
Нәтижесінде, 34:27 есебімен жас чемпиондар жеңіске жетті. Жеңімпаз чемпиондарға алғыс хат пен жарыс кубогі, сондай-ақ, бұрынғы чемпиондардың кезінде ұстазы болған Талғат Қожасовқа шәкірттерінің атынан естелік сыйлық табысталды.
Жеңімпаз құраманың спортшысы Шұғыла Кемел:
- Бұрынғы чемпиондар 20 жыл өтсе де, бізбен қатарласа жүріп, бірге ойнады. Шынын айтсақ, біз бұндай тартысты ойын болады деп ойлаған жоқпыз. Өзімізге сеніп, оңай ұтып аламыз деген едік. Мен бұл ойында өзімді көрсете білдім деп айта алмаймын. Себебі, қарсыласымыздың мықтылығынан, бір-бірімізді дұрыс сүйрей алмадық. Бірақ, ең мықты ойын болды, - деді.
Бұрынғы чемпиондар құрамасының спортшысы Әсел Халидуллина:
- Біздің арамызда 20 жыл бойы доп ұстамағандар бар. Біреуі Ақтөбеден, Ақтаудан, көбі, жан-жақтан келіп жатыр. Алдын-ала сәл дайындық болғанда бұдан да жақсы ойын көрсетер едік деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз жеңу емес, осыдан 20 жыл бұрын осы мектептен біздей чемпиондар шыққанын жастарға таныстыру. Ойын өте жақсы өтті. Жастардың дайындығы мықты. Біздің бір қателескен жеріміз, шабуыл жақсы болса да, дәлдік жоқтықтың кесірінен бағыттаған допты бірнеше рет себетке түсіре алмай қалдық. Өзім Ақтөбеде дене тәрбиесі пәнінен сабақ беремін және баскетболдан жеке үйірмем бар, - деді.
Берікбол ҚОНАРОВ