Спорт жас талғамайды. Оған дәлел көп. Сенбейтіндер аққыстаулық Даурат Мырзашевқа қарасын.
Футбол десе ішкен асын жерге қоятын 57 жастағы Дәкеңнің дәл қазіргі қарқынын көзбен көргендер бұл сөзімізбен келісер. Әлемді арбаған ала допқа қай азаматтың да қызығушылығы басым. Бірақ, солардың көбі әйгілі футболшылардың ата-тегі мен ойнайтын клубтарын, жеткен жетістіктерін жатқа соғып, теледидардағы матчқа телмірумен ғана шектелетіні рас. Әсіресе, жасы елуге тақаған ерлердің артық қимыл-қозғалысқа енжарлау болатыны белгілі. Ал, бала күнінен спортты жанына серік еткен аққыстаулық теміржолшы Даурат Мырзашев жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүр.
Асыра мақтағанымыз емес, ауылдағы ардагер тұрмақ, жас буындардың өзіне салауатты өмір салтын насихаттап жүреген ағамыз әлі күнге аудандық турнирлерде топ жарып, облыстық доп додаларын дүрілдетіп келеді. Айта кетейік, футболдан ауданда ардагерлер құрамасы бар. Даурат ағай - команда капитаны. Әуелден кәдімгі он бір адамнан ойнайтын футболдың кең алаңында көсіле шауып үйренген Дәкеңдер бүгінде үлкен стадион емес, шағын алаңқайлар мен спорт кешені залында доп тебеді. Өйткені, қазір қай жерде де бес адамнан бөлініп жіберіп, кіші аяқ доп ойнау сәнге айналған. Жарыстардың да түгелге жуығы футзалдан өтеді.
Бірді айтып, бірге кетеміз-ау, жарыс демекші, соңғы жылдары аудандық көлемде футболдан турнир, чемпионаттар өтуді қойды. Мектеп бітірушілердің мерекелік даталарына арналған жыл сайынғы дәстүрлі шағын турнирлер болмағанда не болар екен дейсің кейде. Бұған дейінгі сала басшылары мен мамандарының спорттың бұқаралылығына назар аудармауы Даурат ағамызды да таңғалдыратын көрінеді.
– Ауданда жастарды қызықтыратын бір спорт түрі болса ол – осы футбол. Дегенмен, әлі күнге тұрақты турнир өткізу, аудан біріншілігін дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұру жолға қойылмай келеді. Неге? Бұқаралық спортты дамытамыз дейміз. Бірақ, іске келгенде керітарту көп. Бұған дейін бос тұрған аудандық денешынықтыру спорт және мәдениет бөліміне басшы тағайындалыпты. Жаңа басшы осы олқылықтардың орнын толтырып, бұқаралық спорттың бойына қан жүгіртеді деген сенімдеміз. Карантиндік шектеу шаралары алынғаннан соң жарыстар қолға алынатын шығар, - дейді ардагер.
Аудандық турнирлерде топ жарып жүрген футболшы облыстағы ардагерлер лигасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ардагерлері командасы сапында өнер көрсетіп келеді. Алаңда жап-жас жігітіңнің өзін шаң қаптыратын ардагерге осынау Спорт күнінде зор денсаулық тілейміз.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ