Жас баскетболшыны бұл спорттың әліппесін үйреткен ұстазы, Аққыстау орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі Талғат Қожасов «Атырау барыстары» клубының бапкерлеріне аманаттап табыстады.
Бұл баскетболдан ҚР спорт шебері, кешегі облыс құрамасының озық ойыншысы, бүгінгі ұстаз Эльдар Тағатовтың мектеп бітіріп, асқақ арманға қанат қаққан кезі болатын.
"Мектеп қабырғасында Талғат ағайым бұл спорт түріне қалай баулыса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқып жүрген сәтімде де қолдаушы ұстаздарым аз болған жоқ. Солардың бірі кураторым Валентина Андреева еді. Кәдімгі кәсіби деңгейдегі «Атырау барыстары» командасымен студенттік құрама сапында жиі жолдастық кездесу өткізіп тұратынбыз. Сол ойындардан бапкерлердің көзіне түссем керек, команданың директоры Болат Мұхамбетқалиевтің өзі келіп «Атырау барыстарына» қабылдануыма ұсыныс жасады. Онда да Вадим Николаевич деген білікті бапкеріміз болды. Кезінде КСРО құрамасының негізгі ойыншыларының бірі болған жаттықтырушы, тіпті, кейбір ойын тәсілдерін қолымыздан жетектеп жүріп үйретті. Ол ұстазымыз бүгінде Ресей елінде қыздар командасын баптайды. Амантай Торғаев сынды жаттықтырушыда да бір жылдай дайындалдым. Айтайын дегенім, бала кезімнен ес біліп, етек жиып, осы спортқа сапар шеккелі талабымды шыңдап, жол сілтеп тұратын білікті әрі жанашыр ұстаздарым көп болды. Оларды кездестірмегенімде, кім білсін, орта жолда қалар ма едім?, - дейді Э.Тағатов өткенге ой жүгіртіп.
Эльдар облыс көлеміндегі 20 дарынды жас баскетболшының ішінен «Атырау барыстары» кәсіби құрамасына енген екі ойыншының біреуі болды.
-21 жасқа дейінгі жастар арасындағы еуролигадан үшінші орын алған едік. Тіпті, командаластар болып, әлем чемпионы атанғаннан бетер қуандық. Латвияда өткен финалдық бәсекеде Үздік ойыншы атанғаным ерекше есімде қалыпты, - дейді ол.
Он жыл бойына «Атырау барыстары» кәсіпқой клубында өнер көрсеткен Эльдар Қазақстан чемпионатынан топ жарып қана қоймай, ел кубогіне де қол жеткізді. Сондай-ақ ол жоғары лигада екі дүркін қола жүлдегер атанып, бір рет ақтық сында сүрінгендерін айтады.
-Кәсіпқой команданың деңгейі бөлек. Жан-жақтан әртүрлі ұлт өкілдері келіп өнер көрсетеді. Солардан біраз тәжірибе жинадық. Жетінші сыныбын бітірген інім Айбарды да қасыма алып, тәрбиеледім. «Атырау барыстары» академиясының аға жаттықтырушысы Анатолий Максимовичтің қамқорлығымен інім де академиядан бастап негізгі құрамға дейін енді. Соңғы жылдары Айбар екеуміз жоғары лигада бірге өнер көрсеттік, - дейді спортшы.
Баскетбол – оңай спорт емес. Жолды кейінгілерге беріп, үйленіп, үй болғаннан кейін алға жаңа жоспар құра бастаған Эльдар бастапқыда спорттан басқа салаға жұмысқа оналасуды ойлапты. Кейін ол райынан қайтқан ойыншы бала тәрбиелеуді жөн санапты.
– Мені де шыңға жетелеген ұстаздарым еді. «Ендеше мен де білгенімді кейінгілерге үйретуім керек қой» деген ой тұрды көкейімде. Алдыма талантты шәкірттер шығарсам деген үлкен мақсат қойдым. Сөйтіп, Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бұрқан Оралбеков ағайға жолыққанымда, ұсынысымды ойланбастан құп алып спорт мектебіне жұмысқа тұрдым. Қосымша Аққыстау орта мектебіне де қызметке орналастым, - деген чемпион алғашқы оқушылары облыстағы жастар құрамасы сапына іліксе, шәкірттерінің ішінде облыс құрамасына үміткер жас баскетболшылардың өсіп келе жатқанын айтады.
Күні бүгін, Азамат Жәнібеков, Тәукен Рахат, Ақан Мұхажановтар - «Атырау барыстары» құрамында. Олар алдағы уақытта жоғары лигада өнер көрсететін болады. Ауданымыздағы жасөспірім қыздар құрамасының да аяқ алысы жаман емес. r NBA ISKER League 2018-2019 турнирінің бірінші маусымында жеңімпаз атанған қыздарымыз ел чемпионатында да ерекше көзге түсіп, білікті мамандардан оң баға алыпты. «Сол қыздарымды ел чемпионы қылсам» деген бапкер бүгінде сол жолда тынымсыз тер төгіп жүр. Айтпақшы, алдағы уақытта облысымыздан қыздар құрамасы жасақталмақшы екен. Құрама осы біздің ауданымыздың спортшы қыздарынан құралады деген де сүйінші хабар бар. Бұл да еңбектің нәтижесі.
– Бір адамның қолынан ештеңе келмейді, әрине. Басшымыз Бұрқан Оралбеков, әріптестерім, аққыстаулық Ерлан Құрманғалиев, қамысқалалық Азамат Құрманғалиев, залмен көмектесіп, қолдау білдіріп отыратын «Барыс» клубының директоры Асхат Жұмабеков, Талғат, Таупих ағай секілді ұстаздарымның да септігі мол, - дейді маман.
Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбеков Эльдар Тағатовтың бойында білікті спортшыға тән қасиеттердің барлығы да бар екендігін айтады.
– Үнемі ізденіс үстіндегі әріптесіміздің аудан спортына қосып жатқан үлесі зор. Шәкірттері облыс құрамасы сапында өнер көрсетуде. Алда да үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне сенімдіміз, - дейді спорт мектебінің директоры. Эльдар – ізденімпаз жігіт. Атырауда кәсіпқой баскетбол клубы құрылып, оның резервтер тобының мамандары назарына ілікті. Атыраудағы әріптестермен байланысымызды бүгінде осы Эльдар Тағатов жалғастырып келеді. Еңбеңқорлығы мен баскетболды жан тәнімен ұнатуы нәтижесінде біздің аудан оқушылары облыста, республикада үлкен жетістіктерге жетті, - дейді спортшының ұстазы Талғат Қожасов.
Аптаның осы жексенбісі – Спорт күні. Атаулы күн қарсаңында Эльдар бауырымыз жайлы ой бөлісіп, спортшыны тақырыбымызға тұздық қылғандағы мақсатымыз кәсіби мерекеде мерейін арттыру еді. Ендеше, жеңісті күндеріміз көп болғай.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ