Ресейдің Самара қаласында атом өндірісінің 65 жылдығына арналған дзюдо күресінен халықаралық турнир өтті.
Аталған бәсекеде ауданымыздан егіз спортшылар - Нұрасыл, Ерасыл Әнесовтер бақ сынаған болатын. Бұл додада 55 келі салмақ дәрежесінде боз кілемге шыққан Ерасыл қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырына көтерілсе, 60 келіде белдескен Нұрасыл екінші орынды еншілеп, абыройымызды асырды.
– Төрт мемлекеттің жас спортшылары топқа түскен бұл жарыста Ерасыл 6 кездесу өткізіп, оның барлығында да қарсыластарын қапы қалдырды. Ал, Нұрасыл, 5 рет белдесіп, оның біреуінде қарсыласына жол берді. Шәкірттерім жарап тұр. Алда бұдан да үлкен жеңістерге жетеді деген сенімдемін, - дейді жас палуандардың жаттықтырушысы, Исатай БЖСМ дзюдо бөлімінің бапкері Берік Хамзин.
Серікбол БЕРІКБАЙ