Беларуссияның астанасы Минск қаласында Беларуссия елі Президентінің жүлдесіне арналған самбо және жауынгерлік самбо күресінен халықаралық А санаты турнирі өтуде.
Франция, Италия, Израиль, Грекия, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Моңғолия, Беларуссия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінен 300-ге жуық спортшы сынға түсетін бұл турнирде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында биылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, ересектер арасында Азия чемпионы, әлем кубогінің күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының спорт нұсқаушысы Еркебұлан Қуанғалиев 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын.
Жартылай финалда әлем кубогінің иегері, өзбек палуаны Аноркулов Сирожиддинді айқын басымдылықпен ұтып, ақтық сында ұпай санымен жеңіске жеткен Еркебұланның бұл жолы да асығы алшысынан түсіп, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
«Бұл жарыстың ерекшелігі сол, бұған дейін әлем кубогі дәрежесінде өтіп келді. Бүгінде халықаралық А санатты турнир деп аталатын бұл бәсекеде жеңімпаздар халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормотивін орындайды. Яғни, бұл додаға екінің бірі емес, шын мықтылар ғана қатысады. Күні кешке ел чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген шәкіртім Азия, әлем біріншіліктеріне жолдама алса, бүгін осы байрақты бәсекенің де жеңімпазы атанып, қуантып отыр» дейді Еркебұланның сүйінші хабарын жеткізген бапкері Асхат Жұмабеков.
Жылды жеңістермен бастаған чемпионымыздан әлі де күтер үмітіміз мол. Тек, алған бетіңнен тайма дейміз!
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ