Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай елордада бірқатар байрақты бәсекелер өтуде. Солардың бірі Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін самбодан ересектер арасында өткен әлем кубогінің кезеңі болатын.
Бұл бәсекенің бір ерекшелігі рейтингтік жарыс еді. Италия, Ресей, Беларуссия, Армения, Румыня, Әзірбайжан, Қырғызстан, т.б. мемлекеттерден барлығы 300-ге жуық самбошылар қатысқан ірі додада ауданымыздың палуаны Еркебұлан Қуанғалиев 52 келі салмақта бақ сынап, құрама қоржынына жүлде салды. Үш кездесу өткізіп, жоғары өнерімен көзге түскен ол ақтық сында ғана Ресей елінің бірінші нөмірлі тәжірибелі спортшысына есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығаға байлады.
- Еркебұлан әлі жас, толықтай ересектер қатарына ауыса қойған жоқ. Сондықтан да оның бұл жолғы жүлдесі жеңіспен парапар. Әрі ақтық сында жолыққан ресейлік қарсыласы ересектер арасында еуропа чемпионы болатын. Соған қарамастан, барын салды. Одан айласын асырғанда халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындайтын еді. Алайда, бұйырмыс осы болды. Шәкіртімнің алар асуы әлі де алда, - дейді палуанның бапкері Асхат Жұмабеков. Жаттықтырушының айтуынша, Еркебұланды алда ірі бәсекелер күтіп тұр. – Алдағы сындардан сүрінбеу үшін біраз тер төгу керек. Сол үшін де жақында ол оқу-жаттығу жиындарына жол жүргелі отыр. - дейді маман.
Естеріңізге сала кетейік, Еркебұлан былтыр 23 жасқа дейінгі жастар арасында жауынгерлік самбодан ел чемпионы атанып, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындаған болатын. Бүгінде ол - аудан бойынша самбо күресінен ересектер арасындағы әлемдік бәсекелерде жүлде салған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Қабделовтің ізін басып келе жатқан спортшы. Еркебұланның ел мерекесі тұсындағы бұл жетістігі ауданымыз үшін де үлкен мерей.