Еркебұлан ересектер арасында ел чемпионы атанды

Атырау төрінде самбо, жауынгерлік самбодан ересек ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Еліміздің барлық облыстарынан кіл мықтылар жиылған сайыста жерлесіміз, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының спорт нұсқаушысы Еркебұлан Қуанғалиев те бақ сынаған болатын. Қаламызда күн сайын бола бермейтін байрақты бәсекені жерлесімізге қолдау білдіру мақсатында арнайы барып тамашалап қайттық.

erce-sem-1002

52 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Еркебұлан алғашқы кездесуін Нұр-Сұлтан қаласынан келген палуанмен өткізді. Оны мерзімінен бұрын жарыс жолынан шығарған спортшымыз келесі айналымда былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерін ұтқан ақтөбелік самбошымен жолықты. Аяқ-қолымен жылдам соққы жасай алатын әлгі мықты біздің жігітке біраз қиындық тудырар-ау деп тақым қысып тұрмыз. Әп дегеннен алға ұмтылған ақтөбелік қырағы қарсыласының мысын бірден басып алғысы келгендей көрінді. Алайда оның да ойлағаны іске аспады. Еркебұлан оның да «сыбағасын» дайындап қойған екен. Ол қоян-қолтық ұрыс сәтінің бірінде қарсыласының мойнын екі аяғымен қылғындыра байлап, «жер соқтырды».

Ақтық сында Батыс Қазақстан облысының спортшысымен жолы түйіскен жерлесіміз оны да ұзаққа апармады. Бұл жолы да қылғындыру әдісіне салып, қарсыласының жеңілгенін мойындатқан 22 жасар батыр ел чемпионы атанып, жеңіс тұғырына көтерілді.

erce-sev-ft

«Бұл Еркебұланның - ересектер арасындағы ел чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Бұған дейін ол жастар және 23 жасқа дейінгілер арасындағы ел біріншіліктерінің 4 дүркін чемпионы болды. Ересектер арасында әлем кубогінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы атанды. Еркебұлан бұл бәсекеде ел чемпионы атануымен қатар Индонезия еліндегі Бали аралында өтетін Азия және Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында болатын әлем чемпионаттарына жолдама алып отыр» дейді чемпионның жаттықтырушысы Асхат Жұмабеков. Оның айтуынша, Еркебұлан Қуанғалиевті оған дейін де ірі додалар күтіп тұрған көрінеді. Олардың ішінде Ресей елінде өтетін Харлампиев атындағы әлем кубогі, Париж қаласындағы «Гранд-Слэн» турнирі де бар. Тағы бір білгеніміз - аталған жарыстарға шеберлігін шыңдау мақсатында Ресейдің Рязань қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанатыны.

Еркебұланның ендігі мақсаты – көк Туды құрлық, әлем көгінде желбіретіп, Әнұранымызды асқақтату. Сол күнге жеткізсін.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521