Исатайлық палуан, Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркебұлан Қуанғалиев Қазан қаласында өткен ірі турнирде топ жарды.
Сүйінші хабарды спортшының жаттықтырушысы Асхат Жұмабековтен білдік.
«Татарстан Президенті кубогі» халықаралық турнирінде Еркебұлан 58 келі салмақ дәрежесінде бағын сынаған болатын. Спортшымыз тәжік, моңғол, француз, өзбек палуандарымен бір топта сынға түсті. Жартылай финалда да жоғары өнер көрсеткен ол жарақатының сыр беруіне байланысты ақтық сынға шыға алмады.
Осылайша кезекті ірі додада атой салып, абыройымызды асырған Еркебұлан Татарстан Президенті кубогінің күміс жүлдегері атанды. Жеңіс құтты болсын, жерлестер!
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ