2022 жылдың 12,13-ақпан күндері Минск қаласында өткен самбо күресінен Беларусь Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған ашық Европа кубогі өтті.
Европа мен Азияның 11 елінен 150-ден астам спортшы қатысқан жарыста жерлесіміз «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының спорт нұсқаушысы, Азия чемпионы, Әлем кубогінің жеңімпазы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еркебұлан Қуанғалиев жауынгерлік самбодан 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, күміс жүлдегер атанды.
«Осы жылды Еркебұлан жақсы жетістікпен бастады, бұйырса наурыз айының 10-14 күндері аралығында Семей қаласында ересектер арасында жауынгерлік самбодан ҚР-ның чемпионаты өтеді деп жоспарлануда. Сол сында Еркебұланмен бірге Абылайхан Мейрамбекұлы ел біріншілігінде бақ сынайды. Бұрын жасөспірімдер арасында Әлем және Азия чемпионы болса, енді ересектер арасында күрескелі тұрған Абылайханға да сәттілік тілейміз. Тек бұнымен тоқтап қалмай, әлі де еңбек етеміз. Бұдан да биіктерден көрінеміз деген ойымыз бар» - деді Еркебұланның жеке бапкері Асхат Жұмабеков.
Бапкердің айтуынша, биылдан бастап жарыстар рейтингтік бағалау жүйесі бойынша өтеді. Халықаралық самбо федерациясының ұйғарымымен Әлем, Европа, Азия кубогтері мен Азия чемпионаттарындағы спортшылардың нәтижелері әртүрлі балл көрсеткіштерімен есептеліп, рейтингтері анықталатын болады. Топта ең жоғары тұрған палуандар, жыл аяғында өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Берікбол ҚОНАРОВ