Индонезия астанасы Джакарта төрінде Қазақстанның көк байрағы тағы да желбіреді. 11-12 қыркүйек күндері өткен кадеттер арасындағы дзюдодан Азия чемпионатында исатайлық жас спортшы, Зинеден ауылынан түлеп ұшқан Інжу Жұмажан алтыннан алқа тақты.
Бұл құрлықтық додаға 21 елден келген 200-ге жуық балуан қатысып, бозкілемде шын мықтылардың жолы түйісті. Жерлесіміз Інжу алғашқы белдесулерінде Макао, Тайпей, Өзбекстан және Қырғызстан спортшыларын айқын басымдықпен ұтып, қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Шеберлігі мен қайсарлығының арқасында -57 кг салмақ дәрежесінде Азияның үздігі атанды.
Жеңістің жолы да ерекше. Спорт әлеміне қадам басқан алғашқы күні-ақ Інжу Бейсенбіқызы аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының үйірмесіне келіп, бозкілемге аяқ басты. Сол күннен бері спортты серік етіп, еңбектің, төзімнің арқасында биік белестерге көтерілді. Бүгінде ол –Атырау облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде оқуымен қатар дзюдо спортымен айналысып жүрген спортшы.
Әрине, Индонезиядағы жеңіс тек Інжудің ғана емес, барша елдің қуанышы. Оның жеңісінде аға жаттықтырушысы Тұрар Ризуановтың еңбегі де зор. Спортшының әр қадамына бағыт-бағдар беріп, үлкен жеңістерге жетелеуде бапкердің қолтаңбасы айқын.
Зинеден ауылынан түлеп ұшқан Інжудің жеңісі – туған жерге, ауданға, облысқа ғана емес, тұтас Қазақстанға мақтаныш. Бұл – жас буынға үлгі, спорттың қайрат пен қажырды талап ететін биік мектеп екенінің дәлелі.
Жұмажан Інжудің Азия чемпионатындағы жеңісі – болашақта үлкен додаларда еліміздің атын асқақтататын алғашқы қадамы ғана.
Жайна ИСЛАТ