Ауданымызда биылғы «Балалар жылы» аясында, Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (БЖСМ) 40 жылдығына орай, бокстен 2009-2010 және 2011-2012 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында Республикалық ашық турнир өтуде.
Атаулы шараға Ақтау, Жаңаөзен және Атырау қалаларынан, сондай-ақ, Жылой, Махамбет, Құрманғазы, Мақат, Исатай аудандарынан барлығы 130-дан астам спортшылар қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан сөз сөйлеп, тілегін білдірді.
Одан кейін, ауданымызда осыдан 20 жыл бұрын алғаш бокс бөлімінің негізін қалаған, қазір Атырау қаласындағы мамандандырылған бокс клубының директоры Асылбек Чунышкалиев спортшыларға сәттілік тілесе, оның бұрынғы шәкірттері, яғни қазіргі бокс бөлімінің жаттықтырушылары оған құрмет көрсетіп, ат мінгізді.
Сонымен қатар, 40 жылдық тарихы бар БЖСМ-нің директоры Бұрхан Оралбековке естелік сыйлық табыс етілді.
Төрт күнге жоспарланған турнирдің алғашқы күні спортшылар өзара сынға түсіп, мықтылары жартылай финалға іріктеліп шықты. Бүгін жартылай финал бойынша жарыс өткізіледі. Жартылай финалдан озық шыққандар, ертең ақтық сында кездеседі.
Айта кетейік, жарысқа демеуші болған "БекетСәтЖол" ЖШС.
Берікбол Қонаров