1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.
Айтулы күннің барша халқымыз үшін маңызы мен мазмұны ерекше. Тұңғыш Президент күні ауданымызда жыл сайын, дәстүрлі түрде кең көлемде аталып келеді. Кеше ғана аудандық «Жалын» мәдениет үйінде мерекеге арналған салтанатты жиын өтсе, бүгін аудан көлемінде жаппай жүгіру шарасы өтті.
Ертемен басталған спорттық шараға мемлекеттік мекеме, білім саласы, спорт мектебінің қызметкерлері және мектеп оқушылары мен барлық ауылдық округтерден жалпы саны 100-ге тарта адам қатысты. Шараға қатысушыларды мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан:
- Бүгінгі мерекенің ел тарихында алар орны ерекше. Елбасы күні жыл сайын ауданымызда жоғары деңгейге аталып келеді. Шараға қатысуға белсенділік танытып, келген барша аудан тұрғындарына ризашылығымды білдіремін, - деді және қатысушыларға жарыс алдында сәттілік тіледі.
Спортқа бір табан жақын исатайлықтар Қаратүбек ықшам ауданынан қозғалып, Ынтымақ көшесінің бойымен аудан орталығындағы «Qazaq eli» саябағына дейінгі жолды жүріп өтуге беттеді.
2,6 шақырымдық қашықтықта ерлер арасында Бауыржан Сатыбаев мәреге бірінші жетсе, қыздар арасында Жаңылсын Әлімғалиева мәре сызығын алғаш болып кесті. Сонымен қатар, ерлер арасында екінші болып мәреге Жалғас Мұғамиллин, үшінші болып Диас Амангелді жетті. Ал, қыздар арасында екінші болып мәреге Перизат Байтемір, оны өкшелеп Ергүл Исатаева келді.
Бүгінгі жаппай жүгіру спорттық шарасына салауатты өмір салтын ұстанатын аға буын мен жастардан бөлек, кішкентай бүлдіршіндерде атсалысты. Олардың арасында да өзара үздіктер анықталып, ұлдар арасында Ибрахим Есетұлы, ал қыздар арасында кішкентай бүлдіршін Аякоз Серік көзге түсті.
Мәреге алғаш келген бүгінгі жарыстың ең кішкентай қатысушысы Аякөздің жасы 7-де. Білгеніміздей, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 1-ші сынып оқушысы екен. Жүгіруден жарыс өтетінін естіген кішкентай бүлдіршін бүгінгі күнді асыға күтіпті.
- Жүгіргенді жақсы көремін. Жаппай жүгіру өтетінін мектептегі ұстазым айтты. Ата-анамнан рұқсат алып, қатысуға келдім. Маған көп адамдар жиналатын шаралар ұнайды, - дейді бүлдіршін Аякөз Серік.
Шара соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.
Әділбек СЫРЫМОВ